Израиль Тегеранға бағытталған әуе соққыларын күшейтті: Иранда жаңа көшбасшы жақын күндері сайланбақ

Басқа ақпараттар

Иран тарапынан жасалған зымырандық шабуыл салдарынан Иерусалим маңындағы Бейт-Шемеш қаласында 9 адам қаза тауып, 40 адам жарақат алды, деп хабарлайды Jas.kz Euronews-ке сілтеме жасап.

АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбі күні Иран басшыларымен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда ол елдің жоғарғы басшылығының басым бөлігі қаза тапқанын атап өтті.
«Олар келіссөз жүргізгісі келеді, мен соған келістім, сондықтан сөйлесемін. Мұны ертерек істеуі керек еді», – деді Трамп The Atlantic басылымына берген сұхбатында. Ол келіссөздердің нақты қашан өтетінін айта алмады.

Сондай-ақ Трамп Fox News арнасына АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққылары нәтижесінде 48 ирандық жетекшінің жойылғанын айтты. Оның сөзінше, Ислам республикасы басшылығын құлату және қарулы күштерін жоюға бағытталған операция «өте сәтті» жүріп жатыр әрі «жоспардан озық» орындалуда. Бұл туралы ол CNBC-ге берген жеке сұхбатында да мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ әскері соғыстағы алғашқы шығындарын ресми түрде растады: үш әскери қызметкер қаза тауып, бесеуі ауыр жараланған, тағы бірнешеуі жеңіл жарақат алған.
Орталық қолбасшылық (CENTCOM) АҚШ күштері Оман шығанағындағы докта тұрған ирандық әскери кемені суға батырғанын хабарлады. Сонымен бірге америкалық әскерилер Lincoln әуе тасымалдаушы кемесінің ирандық зымырандардан зақымданбағанын мәлімдеді.

Иран билігі жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменейдің қаза тапқанын растады. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи жаңа жоғарғы көшбасшы «бір-екі күн ішінде» сайланатынын айтты. Тегеран кек қайтаратынын да мәлімдеп отыр.

Иранда жаңа жоғарғы көшбасшы сайланғанға дейін елді басқаратын үш адамнан тұратын уақытша кеңес құрылды. Аракчидің айтуынша, елдің әскери әлеуетінде «ештеңе өзгерген жоқ».

Израильде резервистерді жұмылдыру басталды

Израильде 100 мың резервисті мобилизациялау жарияланды.

Иранның жауап соққылары салдарынан Израильде 11 адам қаза тауып, 120-дан астамы жарақат алған.

Бейт-Шемеш қаласында болған зымырандық шабуыл кезінде адамдар синагогадағы паналауда болған. Төтенше қызмет өкілдерінің айтуынша, зымыран тікелей ғимаратқа түскен, қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Құтқару жұмыстары жалғасуда. Айналада қираған көліктер, бетон плиталар мен шатырлары ұшып кеткен үйлер көп.

28 ақпан күні кешке қарай Иранның Тель-Авивке жасаған зымыран соққысы салдарынан Израильде күтуші болып жұмыс істеген Филиппин Республикасының бір азаматы қаза тапты.
Тель-Авивте 40 ғимарат зақымданған.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жексенбі күні:
«Қазір біздің күштер Тегеранның дәл ортасына барған сайын күшейіп жатқан соққылар жасауда, алдағы күндері бұл соққылар одан әрі үдей түседі», – деп мәлімдеп, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Израиль Ирандағы әскери нысандар мен ел басшылығы объектілеріне үздіксіз әуе соққыларын жалғастыратынын айтты.

Иранға соққылар

Жексенбі күні Иранның бүкіл дерлік аумағында жарылыстардың дыбысы естілген.

Тегеранда үкіметтік ғимараттар маңында аспанға қалың түтін көтерілді. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, көшелер бос қалған, тұрғындар соққылардан жасырынуда. Қалада ирандық қауіпсіздік күштері бақылау-өткізу бекеттерін орнатқан.

Израиль әскері Тегеранға жасалған соққылардың видеосын жариялап, нысанаға алынған объектілер қатарында баллистикалық зымыран ұшыру қондырғылары, штаб-пәтерлер, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері және ирандық режимнің командалық орталықтары бар екенін мәлімдеді.

Иран билігінің дерегінше, Израиль мен АҚШ операциясы басталғалы бері 200-ден астам адам қаза тапқан. Елдің оңтүстігінде мектепке жасалған соққы салдарынан 115 адам көз жұмғаны хабарланды. Израиль әскері бұл аймақта соққы жасалғаны туралы ақпаратты растамады, ал АҚШ әскері аталған мәліметтерді тексеріп жатқанын айтты.

Жексенбі күні Иранның Йезд қаласында билікті қолдайтын шеру өтті.

Соңғы жарияланымдар

«Қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасады»: экс-сенатор оқулықтардағы олқылықтарды көтерді

«Қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасады»: экс-сенатор оқулықтардағы олқылықтарға назар аударды Білім күні қарсаңында тарих оқулықтарының сапасы мен ондағы қателер мәселесі...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз