Астана қаласындағы №81 Astana English School-де директор мен бас бухгалтердің қаржылық заңбұзушылықтары әшкереленді. Бұл туралы kozachkow Telegram-каналы жазды, деп хабарлайды Jas.kz.
Астана қаласының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты бірнеше жыл бойы мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталған мектеп директоры Гүлнар Садықова (65 жаста) мен бас бухгалтер Айжан Атжанова (41 жаста) ісі бойынша үкім шығарды. Тергеу дерегінше, келтірілген жалпы залал шамамен 600 млн теңгені құрайды.
Анықталған фактілерге сәйкес, мектепте ұзақ уақыт бойы «өлі жандар» схемасы қолданылған: 6 адам ресми түрде жұмысқа алынғанымен, оқу орнына келмеген. Олардың жалақысы директордың иелігіне өткен, бұл бағыттағы шығын 28 млн теңгеден асқан.
Сонымен қатар мектептің мектепке дейінгі білім беруге лицензиясы болмағанына қарамастан, «нөлдік сынып» ашылып, ата-аналардан ақша қолма-қол жиналған. Осы заңсыз қызметтен келген залал 300 млн теңгеден асқан. Дәл осындай тәсіл жазғы лагерьлерді ұйымдастыру кезінде де қолданылған: қолма-қол есеп айырысу талабы қойылып, кемінде 24 млн теңге табыс түскен.
Шетелдік мұғалімдерді жоғары жалақымен тарту барысында да қаржының бір бөлігі заңсыз иемденілген, шамамен 70–75 млн теңге. Бас бухгалтер Атжанованың есепшоттары арқылы 175 млн теңге өткен.
Сотта айыпталушылар кінәні ішінара мойындап, түскен қаражатты мектеп қажеттіліктеріне жұмсағандарын алға тартты. Алайда судья Әсел Мукушева айыптың толық дәлелденгенін айтты.
Нәтижесінде, Гүлнар Садықова 8 жылға, Айжан Атжанова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Садықовадан 500 шаршы метрлік тұрғын үй, 10 қымбат сөмке мен зергерлік бұйымдар, ал Атжановадан автокөлік пен коммерциялық нысан тәркіленді.
