«Аль-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналдудың жеке ұшағы Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың ушығуына байланысты Сауд Арабиясынан ұшып шықты, деп хабарлайды Jas.kz Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Flightradar24 сервисінің деректеріне сәйкес, SVW7B нөмірлі борт дүйсенбі кешінде Эр-Риядтан көтеріліп, түнгі сағат бір шамасында Мадридке қонған. Ұшақ бортында футболшының өзі болған-болмағаны нақтыланбады.
Роналду құны шамамен 70 млн еуроны құрайтын Bombardier Global Express 6500 жеке ұшағының иесі. Аймақтағы қауіпсіздік жағдайының күрделенуі мен зымырандық шабуылдарға байланысты бірқатар коммерциялық әуе компаниялары өңір үстімен ұшуды уақытша тоқтатқан.
Еске салайық, Сауд Арабиясы чемпионатының 24-туры аясында өткен «Аль-Наср» – «Аль-Фейха» матчында (3:1) португалиялық шабуылшы пенальтиді мүлт жіберіп, 81-минутта жарақатына байланысты алаңнан кеткен болатын.
