«Бастарынан ұрған»: Алматыда ерекше балалардың ата-аналары жеке орталықта күш көрсетілгенін мәлімдеді

Басқа ақпараттар

Алматыда ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары Әйтеке би көшесіндегі «Феникс» жеке орталығында балаларға қатыгездік көрсетілген болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ, деп хабарлайды Jas.kz CMN.KZ ақпараттық сайтына сілтеме жасап.

Ата-аналардың айтуынша, сабақ кезінде тәрбиеленушілерді ұрып-соғу, аяқтан шалу фактілері болған. Олар орталықтың жұмысы тоқтатылмай, кінәлілер жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдайды.

«“Феникс” орталығында диагнозы бар балаларды жүйелі түрде ұрады. Бастарынан таяқпен, жұдырықпен соғып, қорлайды – мұның бәрін ата-аналар өз көздерімен көрді. Бірақ бейнежазбаларды полиция алып кетті. Ерекше балалардың ата-аналары ретінде орталықтың жұмысын жалғастыра беруінен қорқамыз», – делінген үндеуде.

Ата-аналар орталық қызметкерлерінің кәсіби дайындығына да күмән келтіреді. Олардың сөзінше, жаттықтырушылардың тиісті білімі жоқ.

«Орталық директоры қызметкерлерін барынша қорғайды. Кез келген адам сол жерде қысқа курс өтіп, сертификат алып, ерекше балалармен жұмыс істей алады. Балаларға күш қолдану бір рет қана болған жоқ. Жанат есімді жаттықтырушы ата-аналардың рұқсатынсыз тікелей эфирге шығып, балаларды көрсетеді – бұл да заң бұзушылық. Ал Тофик есімді жаттықтырушы 16 ақпанда бейнежазбада баланы ішінен ұрған. Барша бейжай қарамайтын ата-аналарды кінәлілерді жауапқа тартуға қолдау көрсетуге шақырамын. Диагнозы бар балалар – ең қорғансыз жандар. Оларды қалай ұрып, қорлауға болады? Менің чатымда мыңға жуық ана бар, бәріміз жылап отырмыз, шарасыздықтан жүрегіміз ауырады», – дейді блогер Перизат.

Жарияланым астындағы пікірлерде видеодағы баланың анасы да бұл жағдайдың бір реттік емес екенін айтты.

«Видеодағы бала – менің балам. Барлық бейжай қарамайтын адамдарға рақмет. Бұл жалғыз жағдай емес. Орталық директоры мен оның күйеуі бейнебақылау камераларының қатқыл дискілерін алып кетіп, үйлеріне апарып тастаған. Кейін біз әрең дегенде оларды қайтарып, жазбаларды көрсетуді талап еттік. 23 ақпан күні сағат 10:30-дан 11:50-ге дейінгі жазбаны қарағанда, жаттықтырушының баламды үнемі қорлағаны көрінеді: жүгіру жолағында аяқтан шалып, құлатқан, бірнеше рет аяқ саусақтарына таяқпен ұрған, басынан да таяқпен соққан – қалғаны бейнежазбада анық көрінеді», – деді ол.

Тағы бір қолданушы бұған дейін TikTok-та балалар қатысқан тікелей эфирлерді көргенін жазды.

«Ол TikTok-та тікелей эфир жүргізген еді ғой?! Ерекше балалармен эфир кезінде өте дөрекі сөйлескеніне таңғалғанмын. Бір баланы сақтандырусыз гимнастикалық құралмен жүруге мәжбүрледі. Өзі эфирдегі сұрақтарға жауап беріп, бала құлап кеткенде де еш мән бермеді», – деп жазды ол.

Бұл жағдайға Мәжіліс депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева да назар аударып, аталған факті бойынша тексеру басталғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта уәкілетті органдар тексеру жүргізіп жатыр (ұйым жеке). Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, бейнематериалдар тәркіленді», – деді ол.

Ал Алматы қалалық Полиция департаменті оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ ықтимал құқықбұзушылыққа алып келген себептер мен жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Тергеу аясында бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленіп, зерттеліп жатыр. Оқиғаға қатысы бар адамдар мен куәгерлерден жауап алынуда, қажетті процессуалдық әрекеттер тағайындалды. Нәтижесінде барлық қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомство.

Полиция мәліметінше, тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында.

Соңғы жарияланымдар

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті

Қазақстан Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімімен базалық мөлшерлеме 25 базистік тармаққа төмендетіліп, 16,75% деңгейінде белгіленді. Бұл туралы Ұлттық...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз