Iran International телеарнасы мен Deutsche Welle басылымының Ислам республикасындағы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, аятолла Әли Хаменейдің ұлы Моджтаба Хаменеи Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы болып сайланған, деп хабарлайды Jas.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
Басылымдардың мәліметінше, бұл шешімді шейіт дінбасыларынан құралған 88 мүшесі бар Сарапшылар кеңесі қабылдаған.
Алайда әзірге Иран билігі де, мемлекеттік БАҚ та бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Өз кезегінде The New York Times басылымы жергілікті үш шенеунікке сілтеме жасап, Моджтаба Хаменеи әзірге елдің Жоғарғы көшбасшысы лауазымына негізгі үміткер саналып отырғанын жазды. Басылым мәліметінше, оның сайланғаны туралы ресми хабарлама сәрсенбі күні таңертең жариялануы жоспарланған. Алайда кейін бұл ойдан бас тартылған. Себебі мұндай мәлімдеме қаза тапқан Аятолланың ұлын АҚШ пен Израильдің ықтимал соққыларына нысанаға айналдыруы мүмкін деген қауіп болған.
NYT пен DW деректеріне қарағанда, Моджтаба Хаменеи Ислам революциясы сақшылар корпусымен (КСИР) тығыз байланыста. Дәл осы құрылым оның кандидатурасын белсенді түрде қолдаған. Дегенмен бұл ұсынысты барлығы бірдей қолдамаған. Себебі биліктің әкеден балаға өтуі шейіт дінбасылары арасында құпталмайды, ал Жоғарғы көшбасшы лауазымы мұрагерлік емес, сайлау арқылы анықталады.
Басқа үміткерлер
Иранның Жоғарғы көшбасшысы өмір бойына Сарапшылар кеңесі арқылы сайланады. Бұл орган ислам құқығы саласының мамандары саналатын дін өкілдерінен тұрады. Кеңес мүшелері сегіз жылға тікелей сайлау арқылы таңдалады.
АҚШ пен Израильдің бірлескен операциясы кезінде қаза тапқан аятолла Али Хаменеи 1989 жылдан бері Иранның Жоғарғы көшбасшысы қызметін атқарып, елдің іс жүзіндегі басшысы саналып келген.
Ол қаза тапқаннан кейін елді уақытша басқару үш адамнан тұратын кеңеске жүктелді. Оның құрамына президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және Конституцияны қорғау кеңесінің мүшесі аятолла Алиреза Арафи кірді.
The New York Times мәліметінше, Алиреза Арафи де Жоғарғы көшбасшы қызметіне үміткерлердің бірі болған. Тағы бір ықтимал кандидат – ислам революциясының жетекшісі аятолла Рухолла Хомейнидің немересі Хассан Хомейни. Басылым олардың екеуі де салыстырмалы түрде байсалды саясаткерлер саналады деп жазады. Хассан Хомейни саяси және әлеуметтік шектеулерді жұмсартуды қолдайтын реформаторлық қанатпен байланысты.
Моджтаба Хаменеи туралы не белгілі
56 жастағы Моджтаба Хаменеи әкесі Али Хаменейге қарағанда әлдеқайда қатаң көзқарастағы тұлға саналады.
Ол 1969 жылғы 8 қыркүйекте Иранның шейіт мұсылмандары үшін қасиетті қалалардың бірі саналатын Мешхедте дүниеге келген. Отбасындағы екінші бала.
1999 жылы Кум қаласындағы діни орталықта білім алып, кейін дін қызметкері атанды. Сондай-ақ жергілікті семинарияда теологиядан дәріс берген. 2004 жылы Иран парламенті – Меджлис төрағасы Голям-Әли Аделдің қызына үйленген.
Моджтаба Хаменеи Иранның алтыншы президенті Махмуд Ахмадинежадтың жақтастарының бірі саналады. Ахмадинежад билік еткен жылдары (2005–2013) елде либералдық реформалар тоқтатылып, ядролық бағдарлама белсенді дамытылды. Сондай-ақ ол Ахмадинежадтың екінші мерзімге сайлануына қарсы басталған 2009 жылғы наразылықтарды басуда маңызды рөл атқарған тұлғалардың бірі ретінде аталады.
Сол 2009 жылы Моджтаба Хаменеи Ислам революциясы сақшылар корпусының қатарына қосылған.
2019 жылы АҚШ оған қарсы санкциялар енгізді.
Моджтаба Хаменеи ешқашан мемлекеттік қызмет атқармаған және көпшілік назарынан аулақ жүруге тырысқан. Сарапшылардың пікірінше, ол көбіне Иран билігі мен Ислам революциясы сақшылар корпусы арасындағы бейресми делдал ретінде әрекет етіп келген.
