Шымкент қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында билік өкіліне күш қолданамын деп қорқыту немесе күш қолдану дерегі бойынша айыпталған жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Jas.kz Otyrar-ға сілтеме жасап.
Соттың мәліметінше, 2025 жылдың қараша айында жасөспірім үй ауласында төбелес туралы шақырту бойынша келген полицияның қызметтік көлігін теуіп жіберген. Бұдан кейін ол полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, олардың бірінің бетіне соққы жасап, дене жарақатын келтірген.
«Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдердің жиынтығымен дәлелденді», – делінген сот материалдарында.
Прокурор соттан айыпталушыға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған.
Жәбірленуші жаза мәселесін соттың қарауына қалдырды. Ал сотталушы өз кінәсін мойындады.
Сот үкімімен жасөспірім кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
