Алматы облысының Талғар қаласында жеті баланың әкесі қатыгездікпен өлтірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамға 30-дан астам пышақ жарақаты салынған, деп хабарлайды Jas.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаза тапқан азаматтың отбасының адвокаттары Асылбек Абдраимов пен Жандос Палмановтың айтуынша, қайғылы оқиға 14 ақпанда болған.
«Күдіктілер – марқұмның жұбайы мен енесі. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағы (“Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған кісі өлтіру”) бойынша қозғалды», – деді олар.
Адвокаттардың мәліметінше, жанжалдың туындауына ер адамның өзіне тиесілі жылқылардың ұрлануына байланысты Талғар полициясына арыздануы себеп болуы мүмкін.
«Бұған дейін полиция марқұмның жұбайының жылқыларды ұрлап, сатуға қатысы бар екенін анықтаған. Біздің болжамымызша, жанжал осы жағдайдан туындаған. Шабуыл ер адам ұйықтап жатқан кезде жасалған. Марқұмның артында жеті баласы қалды», – деді адвокаттар.
Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі де оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде адамдар тобы жасаған кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ведомство.
Полиция мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Талғарда ер адамды аса қатыгездікпен өлтіру, екі жасар қызды ұрлау және әйелді зорлау дерегі бойынша сот процесі аяқталуға жақын екені хабарланған еді. Прокурор негізгі айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
