Сыр өңіріндегі спорттың жаңа дәуірі: Қызылордада халықаралық стадион ашылды

Басқа ақпараттар

Қызылорданың сол жағалауында 11 мың көрерменге арналған жаңа заманауи стадионның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл – өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар ел футболының тарихындағы айтулы оқиға болды. Ашылу шарасы аясында футболдан Қазақстан Кубогының финалдық матчы ұйымдастырылып, мыңдаған жанкүйерге ерекше әсер сыйлады.

Салтанатты шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, қоғам қайраткерлері, спорт ардагерлері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген футбол жанкүйерлері қатысты.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, бұл оқиғаның өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін Қазақстанның спорт тарихындағы ерекше күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нақты нәтижесі ретінде Қызылорда қаласында халықаралық талаптарға сай жаңа стадион бой көтерді. Әрине бұл сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Жаңа стадионның ашылуы футболдан Қазақстан Кубогының финалдық ойынымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – Қызылорда тарихында алғаш рет өтіп жатқан айтулы спорт мерекесі. Мемлекет басшысына, Үкіметке және Қазақстан футбол федерациясына алғысымыз шексіз. Финалға жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін. Қазақстан футболының абыройы арта берсін!»,- деді аймақ басшысы.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров та жаңа стадионның ашылуын ел футболының дамуындағы маңызды кезең деп бағалады.

«Құрметті қызылордалықтар және футбол жанкүйерлері! Сіздерді жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Сыр елінде өтіп отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас ойындар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жолдың бастауы болсын!»- деді федерация басшысы.

Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорттық кешен УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген. Стадион жасанды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері орнатылған. Өз кезегінде стадион халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени іс-шараларды жоғары сапада өткізуге мүмкіндік береді.

Кешен құрамында футбол алаңынан бөлек, олимпиадалық стандарттарға сай келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары бар. Сонымен қатар, нысан аумағында жанкүйерлер мен келушілерге арналған дүкендер мен дәмханалар қарастырылған.

Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары, футболшылардың дайындық бөлмелері және сауықтыру орталықтары орналасқан. Екінші қабатта әкімшілік кеңселер, ал үшінші қабатта ауқымды жиындарға арналған мәжіліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін де толық жағдай жасалған.

Жаңа стадионның ашылуы – Сыр өңірі үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Аймақ тұрғындары заманауи спорттық нысанның бой көтеруіне ризашылықпен қарап, болашақта мұнда өтетін жарқын спорттық оқиғаларды асыға күтуде.

Соңғы жарияланымдар

Шекарада ұсталды: мыңға жуық малды шетелге шығармақ болғандар әшкереленді

Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Ішкі істер министрлігі ауыл шаруашылығы жануарларын...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз