Қолы ашықтың жолы ашық» деген халық даналығы бар. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың ұрпағына мұра етіп қалдырған тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Солардың ішінде өзгелерге жақсылық жасап, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан тұтарлық дәстүрі.
Қай кезде болсын көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қол ұшын беру адам бойындағы асыл да ізгі қасиеттердің бірі саналады. Осындай азаматтарға бар ықыласыңмен сүйіспеншілік таныта отырып жақсылық жасаудың қоғам үшін маңызы зор. Осы ретте Кербұлақ ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» жобасын жүзеге асыру мақсатымен «Шын жүректен» автокеруені жолға шығып, Алтынемел, Жайнақ, Қоғалы, Талдыбұлақ, Шұбар және Көксу ауылдық округтерін аралауда. Мұндағы мақсат – көп балалы, аз қамтылған және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдан келгенше көмек қолын созып, жүректерге жан жылуын сыйлап қайту.
Өзіңе қалайтын барлық жақсылық атаулыны өзгеге де тілеу тек адал әрі қамқор жанның ғана қолынан келетін іс. Ал қамқорлықты күнделікті өмірінің басты қағидаты еткен жандар қашанда елге сыйлы, абыройлы. Үлкен-кішіге, күшті-әлсізге көмек көрсететін әлімсақтан бергі қастерлі үрдістің жібі күні бүгінге дейін үзілген жоқ.
Осы орайда Жастарға қызмет көрсету орталығында «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Мейірімділік пен достық – асыл қасиет» атты мультфильм көрсетілді.
Жастарға қызмет көрсету орталығы мен «Жас Отан» жастар қанаты қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен шараға 5 жастан 10 жасқа дейінгі 30 бала келді. Балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, қоғамға, өмірге деген оң көзқарастарын қалыптастыру, тәрбиелік мәні зор мультфильмдер топтамасын көрсету мақсатында ұйымдастырылған шарада жаңашылдық көп болды.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бахтияр Жақсыкелдинов жеткіншектердің түрлі жаман іске бой алдыруы, бос уақытты тиімді пайдалана алмауы көпшілікті алаңдататынын айтты. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында алдағы уақытта мұндай маңызды әрі мәнді іс-шаралар әр апта сайын өткізілмек. Сонымен қатар, әр сенбі күні балаларға ағылшын тілінен сабақ берілмек.
Туған ата-анасының мейіріміне қанықпаса да көпшіліктің аялы алақанынан, бір ауыз сөзінен күш-қуат алып жүрген балаларға тегін түскі ас берілді. Шара соңында жеткіншектер ән айтып, өлең оқып, өнерлерін ортаға салды.