Ақтөбеде инсульт алған науқас анасының банктік қосымшасына заңсыз қол жеткізіп, оның шотынан 10 миллион теңгеге жуық қаржы ұрлаған 25 жастағы жұмыссыз ер адам сотталды, деп хабарлайды Jas.kz Диапазон-ға сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдікті анасының смартфон функцияларын толық білмейтінін пайдаланып, банктік қосымшаны өз нөміріне қайта тіркеген. Осылайша оның шотына қол жеткізіп, бірнеше күн ішінде 9 миллион 899 мың теңгені аударып алған.
Сотта айыпталушы кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, өз шоты бұғатталғандықтан, жалақы түсіру үшін анасының шотын пайдалануға рұқсат сұраған. Инсульттен кейін дұрыс сөйлей алмайтын анасы басын изеп келісім бергенін алға тартқан. Кейін шотта 10 миллион теңге барын көріп, сол қаражатты уақытша пайдалануға рұқсат сұрадым, анам тағы да басын изеді деп түсіндірген.
Алайда сот бұл уәждерді жалған деп таныды. Тергеу барысында шоттағы қаржы айыпталушының анасына емес, оның ағасына тиесілі екені анықталды. Кәсіпкер ағасы бизнес айналымына арналған қаражатты әпкесінің шотында сақтап отырған. Кейін банктік қосымшаға кіру бұғатталғанын байқап, қаржының жоғалғанын білген.
Тергеу барысында ұрланған ақшаның бір бөлігі айыпталушының бұрынғы бірге тұрған әйелдерінің шоттарына аударылғаны белгілі болды. Әлеуметтік қызметкер де сотта әйелдің инсульттен кейін сол жақ бөлігі сал болып қалғанын, ұлы анасына жиі қысым көрсетіп, зейнетақысын алып қоятын болғанын айтты.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ келтірілген шығынды өтеу міндеттелді.
