Ақмола облысында Щучинск қаласындағы жарылыстан кейін қаза тапқандар саны 11 адамға жетті. Ауыр жарақат алған тағы екі адам ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Jas.kz.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 8 наурыз күні жарылыстан зардап шеккен науқастардың бірі Щучинск қаласындағы «Авиценна-Бурабай» стационарының жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Ал 9 наурызда Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасында ем алып жатқан әйел адам көз жұмған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, дәрігерлер қалған науқастардың өмірін сақтап қалу үшін күресті жалғастырып жатыр.
Еске салсақ, 26 ақпан күні кешке Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде жарылыс болған. Оқиға салдарынан ғимаратта өрт шығып, бірнеше адам ауыр жарақат алған.
2 наурыз күні құқық қорғау органдары кафе иесін ұстады. 4 наурызда сот шешімімен ол екі айға қамауға алынды. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыстың себебі тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз пайдалану талаптарының бұзылуымен байланысты.
Қайғылы оқиғадан кейін Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін күшейтуді және газ қызметтерінің жұмысын бақылауды тапсырды. Сондай-ақ профилактикалық рейдтер жүргізіп, халық арасында қауіпсіздік талаптарын түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді.
