ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті 10 жылға сотталған Перизат Қайраттың қазіргі жұмысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Jas.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, сот үкіміне сәйкес жазасын өтеп жатқан Перизат Қайрат мекеме ішінде жұмысқа тартылған. Қазіргі таңда ол қызметтік үй-жайларды тазалау жұмыстарын атқарады.
Еске салайық, Перизат Қайратқа қатысты резонансты сот процесі өткен жылдың 9 шілдесінде басталған. Айыптаушы тарап сот барысында оның су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған шамамен 2 миллиард теңгені мақсатсыз жұмсағанын мәлімдеді. Сот үкімі 25 шілдеде шығып, Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның анасы Гайни Алашбаева да кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды және мүлкі тәркіленді.
Кейін қорғаушысы сот үкіміне апелляциялық шағым түсіргенін хабарлаған.
Айта кету керек, ҚАЖ жүйесінде сотталғандарды еңбекке тарту тәжірибесі бар. Ресми деректерге сәйкес, жазасын өтеушілер 48 түрлі мамандықты меңгере алады. Олардың қатарында аспаз, тігінші, тіпті омарташы сияқты кәсіптер бар. Сонымен қатар, 34 бағыт бойынша қысқа мерзімді курстар қарастырылған.
Перизат Қайрат — бұрын «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қорын басқарған қоғам белсендісі әрі кәсіпкер. Ол 2024 жылдың қарашасында 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша, жиналған қаражаттың бір бөлігі жеке қажеттіліктерге — жылжымайтын мүлік, көлік және шетелдік сапарларға жұмсалған.
Кейін оған Палестина тұрғындарына арналған гуманитарлық көмек қаражатын да заңсыз иемденді деген күдік тағылды. 2025 жылдың наурызында аталған қор сот шешімімен таратылды.
Осылайша, қазіргі уақытта Перизат Қайрат жазасын өтей отырып, мекеме ішіндегі қарапайым еңбекке тартылған.
