Біз оқырман қауым проза десе ұзын-сонар баяндаудан, шұбатылған сөйлемдерден құрылған қалың кітап беттерін елестетеміз. Әңгіменің өзі әдеби көркем, шұрайлы тілмен әдіптелген шығарма боп көкейімізге қонақтай қалады. Бұл – біз оқыған, оқып келе жатқан көркем әдеби шығармалардың ортақ бір пішіні. Ал сіз жазушы Мадина Омарованың кітабын алғаш парақтағаннан-ақ бұл стереотиптердің барлығы көз алдыңызда күл-талқан бола бастағанын сезесіз. Сонан соң ішіңізде қарама-қайшылықтар туындайды. Нақтырақ айтқанда, сіз оның жазу стилін де, жазған әңгімесін де бірден қабылдай алмайсыз. Бұл жазушының ерекшелігі де сонда. Мадинаның ең ұзақ шығармасы бірнеше беттерді құрай алатын болса, ең қысқасы бір бет немесе жарты парақ қана дүние болуы мүмкін. Бәрінен де көп талқыланғаны – жазушының жазу стилі.
Біріншіден, оның шығармаларынан шұбалаңқы сөйлем мен бітпейтін баяндауларды табу өте қиын.
Екіншіден, онда жалпы қалыптасып қалған композициялық құрылымды толтырып шыққаннан гөрі, жарты парақ болса да оқырманның ішкі ойымен «ойнау» басым.
Үшіншіден, жазушы қазақ прозасында көп кездесе бермейтін мистика, триллер және фантастика жанрларын өз шығармаларына басты арқау етіп алған.
Одан бөлек, жазушы шығармаларының қысқа, жалаң боп келуіне қатысты айтылған сындарға автордың өзі: «Қазақ – ғасырлар бойы ауыз әдебиетін жандандырған, көркем шығарманы құлақпен қабылдап дағдыланған халық. Гендік деңгейде тілдің әуезділігін, әдемілігін іздейтіні содан. Адам да, заман да өзгереді. Мен өз басым тілді пайдалануда минимализмді ұстанамын, сөз – мен үшін мақсат емес, құрал». — деген уәж айтады.
Сондай-ақ, Мадина Омароваға әдебиет сүйер қауымның айтқан пікірі мен берген бағасы да аз емес. Мысалы, Таласбек Әсемқұлов жазушы шығармаларын «Қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы», — десе, ақын Ардақ Нұрғазыұлы «Тәуелсіздіктен кейінгі жаңа қоғамның шынайы туындысы», — деп бағалаған. Ал журналист Наурызбек Саршаев «М.Омарованың шығармаларын оқу – депрессиялық көңіл-күй сыйлайды. Әр әңгімесінен шөкімдей болса да мұң жұқтырып аласыз да, бұл күйіңізді қалай суреттеуге болатынын білмей дал боласыз», — деп жазушы прозаларын жапон анимесі мен ағылшын фэнтезилеріне көбірек ұқсатқан.
Қалай десек те, Мадина Омарованың шығармалары қазіргі қазақ прозасына келген тың күш, жаңа бағыт болып тұр.Жазушы ойын түсіну үшін жай ғана оқып шығу жеткіліксіз, оны іштей түйсініп, сезіну қажет. Сонда ғана сіз мистик жазушы миссиясын ұға алуыңыз мүмкін. Ал оның шығармаларын жеке-жеке талдауды кейінгt қалдыра тұрайық…
Әсем ҚҰЛМАНОВА