Сарыарқа төсіндегі салтанат

1778

Астанада сейсенбі күні «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында Алматы облысы Мәдениет күндерінің ашылу салтанаты өтті. Арқа төріндегі ауқымды шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ, Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ, «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан ЕСІМОВ қатысты. Жетісудың өнерін паш еткен шара «Қазақстан» орталық концерт залында ұйымдастырылды. Алдымен Астана тұрғындары мен қонақтары облыстағы қылқалам шеберлері мен қолөнершілердің төл туындыларымен танысып, концерт залына кіреберістегі көрмені аралады.

Зал облыстың өнерін тамашалауға келген көрерменге лық толды. Сүйінбай атындағы облыстық филармония  өнерпаздары мен «Алатау әуендері» шығармашылық ұжымы астаналықтарды ерекше әсерге бөледі. Концерт басталар сәтте зал жарығы кенеттен өшті де, үлкен экран бетіне Жетісудың тұмса табиғаты жарқ етіп шыға келді. Мерекелік леп сыйлаған бейнекөріністе көрерменге әдемі өзен-көлдер мен асқақ таулардан тұратын Жетісудың жақұттары ұсынылды. «Жетісу – жұмақ мекені» деп аталған концерттің шымылдығы әйгілі сазгер Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен түрілді. Концерт      М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің, республикалық байқаулардың жүлдегері, дирижер Арман Аманжолов жетекшілік еткен хор сүйемелдеуімен ашылды.

Өнерпаздардың талантына астаналықтар бас иіп, қайта-қайта қошеметпен қол соқты. Аталған оркестрден бөлек, «Алтынай», «Сазген», «Адырна», «Құлансаз» секілді әйгілі ансамбльдердің өнерін Астана тұрғындары ыстық ықыласпен қабылдады. Сонымен бірге, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанат-Айтгүл Құдайбергеновтер, Ұлжан Айнақұлова бастаған танымал сахна саңлақтары Мәдениет күнінің көркін кіргізді. Қара домбыра көмейінен төгілген «Махамбет» күйі залда отырғандардың рухын жанып, мерейін асқақтатты. Күй құдіретіне елтіген көрермен ерлікке толы тарихқа қайта оралғандай әсер алды. Ұлжан Айнақұлова мен Бейбіт     Мұсаның орындауындағы «Тойбастар» әні думан көрігін жандандыра түсті.

«Өнерде шекара жоқ» деген рас-ау. Халықаралық байқаулардың жеңімпазы Жомарт Тәкебаев, Асхат Мәдиев, Тілек Нағымбаев итальяндық әндерді шырқай жөнелгенде зал тағы да сілтідей тынды. «О, Соломио», «Ғашық сарбаз», «Герцогтың әні» секілді әлемге танымал туындыларды жетісулық өнерпаздар нақышына келтіре шырқады. Кеште «Талдықорған әуендері», «Шапағат» шығармашылық ұжымдары және Қанат-Айтгүл Құдайбергеновтер «Солай» әнін орындады. Көрермен «Бахор» тобының биін де жоғары бағалады.

Сахнада тек қазақ туындылары ғана емес, орыстың, татардың, кәрістің және өзбектің мәдениеті мен өнері ұсынылды. Жетісу – ән мен жырдың, ұлттар мен ұлыстардың алтын бесігі. Кеште Сарыарқа төсі Жетісудың өнерімен сусындады. Концерттен кейін көрермендер өздерінің алған әсерімен бөлісіп жатты. Солардың қатарында белгілі қазақ спортшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың анасы Рысжан апай да бар. Ол ұйымдастырушыларға алғыс айтып, үлкен әсерге бөленгенін тілге тиек етті. Ал Астана қаласының тұрғыны Сәуле Омарова мұндай кештің есінде мәңгі сақталатынын жеткізді. Сәуле жетісулық жерлестерімен осындай мерекеде жолыққанын жақсы ырымға балап, барлық облыс тұрғындарына татулық, тыныштық және зор денсаулық тіледі.

Астанадағы облыстың Мәдениет күндері осы аптаның аяғына дейін жалғасады. Салтанатты шараға 400-ге жуық өнер адамдары атсалысуда. Жетісу өлкесінің тұрғындары Есілдің ерке қаласында қызықты көрмелер, қойылымдар, спорттық іс-шаралар, концерттік бағдарламалар ұйымдастыру үстінде. Райымбек пен Қабанбай батырдың, Балпық би мен Қабылисаның, Сүйінбай мен Жамбылдың, Мұқағали мен Тұманбайдың кіндік қаны тамған өлке өнерпаздары Сарыарқа даласын төрт күн бойы ән мен жырдың бесігінде тербетпек.