Кипрде шахматтан әлем чемпионы атағына үміткерлер турнирі мәресіне жақындап келеді. Алдын ала соңғы турда қазақстандық Бибісара Асаубаева украиналық Анна Музычукты жеңіп, маңызды жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды Jas.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Ерлер арасындағы бәсекеде Өзбекстан өкілі Жавохир Синдаров мерзімінен бұрын турнир жеңімпазы атанып, енді әлем чемпионы атағы үшін үндістандық Гукеш Д-мен кездеседі. Ол ерлер арасында күннің үздік ойыншысы деп танылды.
Ал әйелдер арасындағы жарыста жеңімпаз соңғы турда анықталады, қажет болған жағдайда тай-брейк ойналуы мүмкін. Қазіргі таңда басты фавориттер — үндістандық Вайшали Рамешбабу мен қазақстандық Бибісара Асаубаева. Вайшали қытайлық Тан Чжунъимен тең түссе, Асаубаева Анна Музычукты сенімді жеңіп, әйелдер арасында күннің үздік ойыншысы атанды.
Қорытынды тур алдында Вайшали мен Бибісараның еншісінде 7,5 ұпайдан бар, екеуі бірінші орынды бөлісіп тұр. Егер соңғы турда біреуі жеңіп, екіншісі жеңілсе, жеңімпаз сол сәтте анықталады.
Финалдық ойында Вайшали ақ тастармен ФИДЕ туы астында өнер көрсететін Катерина Лагноға қарсы ойнайды. Ал Бибісара қара тастармен үндістандық Дивья Дешмухқа қарсы шығады.
Дегенмен жағдай әлі де күрделі. Егер екі көшбасшы да тең түссе, қытайлық Чжу Цзиньэр (7 ұпай) соңғы турда Анна Музычукпен ойнап, оларды қуып жетуі мүмкін. Ал егер көшбасшылар жеңіліс тапса, 6,5 ұпайы бар шахматшылардың да жеңіске мүмкіндігі сақталады.
Егер Вайшали мен Бибісара екеуі де жеңіске жетсе, онда турнир тағдыры тай-брейкте шешіледі.
Әйелдер арасындағы Үміткерлер турнирінің жеңімпазы классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін қазіргі чемпион — қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен (2018 жылдан бері чемпион) кездеседі.
