АҚШ-та терроризмге қатысы бар деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта оны елден депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Jas.kz Курсив сайтының телеграм каналына сілтеме жасап.
Күдіктінің есімі – Еламан Балтагерей. Оны АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметінің (ICE) агенттері ұстаған.
Мәліметтерге сәйкес, сот оны өткен жылдың жазында-ақ депортациялау туралы шешім шығарған. Алайда қазақстандық азамат сот отырысына келмеген.
ICE ведомствосының хабарлауынша, Еламан Балтагерей белгілі немесе болжамды террорист ретінде ұсталған. Оған қатысты депортация туралы түпкілікті шешім бұған дейін қабылданған.
«Еламан Балтагерей белгілі немесе болжамды террорист ретінде ұсталды. Ол депортациялау рәсіміне қажетті құжаттар дайындалғанға дейін ICE қамауында болады», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
