Атырау облысының Жангелдин ауылында Қарабалина отбасы мүшелерінің өліміне қатысты тергеу жаңа деректерді жария етті. Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс бір мезетте емес, араға бірнеше ай салып жасалған, деп хабарлайды Jas.kz Ақжайыққа сілтеме жасап.
Облыстық прокуратура мәліметінше, күдікті Сұлтан Сәрсемалиев Наурыза Мұқанғалиеваны мамыр айында өлтірген, ал қалған үш адам қараша айында қаза тапқан.
Тергеу бұл қылмыстарды күдікті жалғыз өзі, үшінші тұлғалардың қатысуынсыз жасаған деп есептейді. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша, Сәрсемалиев есі дұрыс деп танылып, өз әрекеттері үшін жауап бере алады.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, қаза тапқандардың денесінен асүй пышағымен салынған көптеген жарақаттар анықталған.
«Әрқайсысында алтыдан астам жарақат бар. Олар кеуде, мойын және өмірлік маңызды ағзалар тұсына салынған», — деді ол.
Ал күдіктінің жұбайы, марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты түпкілікті қорытынды әлі шығарылмаған. Атыраудағы мамандар оның психикалық жағдайына нақты баға бере алмағандықтан, Алматыда қайта сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Марқұмдардың туыстары істің ашық сотта қаралуын талап етіп отыр. Олар сот барысында барлық мән-жай толық жарияланады деп үміттенеді.
Қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін. Тергеу жалғасуда.
