Блогер Эльмира Толегенова соттағы соңғы сөзінде өз кінәсін мойындап, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Ол өз сөзінде болған жағдайды өмірлік сабақ ретінде бағалап, өкініш білдірді, деп хабарлайды Jas.kz.
«Біз болған жағдай үшін толық жауапкершілікті түсінеміз. Бұл біз үшін үлкен сабақ болды. Заңды бұзғанымызға шын жүректен өкінеміз. Құрметті сот, маған және жұбайыма бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауыңызды сұраймын», — деді ол.
Сондай-ақ Толегенова процестік келісім жасау туралы өтініш білдірді.
Осыдан кейін төрағалық етуші судья сот отырысында бір сағаттық үзіліс жариялады. Кейін белгілі болғандай, блогерлерге процестік келісімнің шарттарын талқылау үшін қосымша уақыт қажет.
Прокурордың айтуынша, қазіргі уақытта тараптар келісім шарттарын пысықтап жатыр. Қорғаушы тарап бұл үшін дүйсенбі немесе сейсенбіге дейін уақыт сұраған.
Судья тараптарға дүйсенбі күні сағат 15:00-ге дейін уақыт берді. Осыған байланысты сот отырысы кейінге шегерілді.
Айта кетейік, Ерболат Жанабылов сотта соңғы сөз сөйлемеді.
