Өскемен қаласында 150 дүкендегі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы тексерілді.

Өскеменде арнайы құрылған мониторингілік топтар сауда үйлерінде, дүкендерде, тұрақтандыру қорының павильондарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермес үшін тұрақты түрде бақылау жүргізуде. Оның құрамына кәсіпкерлік бөлімінің мамандары, жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңсесі мен Nur Otan партиялық бақылау комиссиясының мүшелері кіріп отыр.

«Бүгінде қала бойынша 150 дүкендегі 19 түрлі тауардың бағасы тексеріліп, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбір сауда орындарында жекелеген өнім түрлері бойынша баға үстемесінің 30 пайызға дейін өскені анықталған. Дүкен иесіне ескерту жасалып, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің құны өндірушінің немесе көтерме жеткізушінің бағасынан 15 пайыздан асырылмауы қажеттігі түсіндірілді», – дейді қала әкімінің орынбасары Арман Ысқақов.

Оның айтуынша, сауда орындарының басым бөлігінде тауар бағасына қойылатын талаптар сақталған.

Дереккөз: ҚазАқпарат