Еліміздің 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы Қырғызстан олимпиадалық құрамасынан жолдастық кездесуде басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында қос құрама бір-біріне тегеурінді қарсылық көрсетті. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңде қазақстандық Арсен Буранчиев 54-минутта есеп ашса, 89-минутта Мирас Тұрлыбек қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша Қазақстан жастары қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Еске салсақ, бұл қазақстандық футболшылардың Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің кезекті ойыны алдындағы дайындығы болмақ.
Жастарымыз іріктеу турнирінде I тобында Бельгия, Дания, Шотландия және Түркиямен сынға түсуде.
Енді олар 29 наурызда Шотландия жастарымен кездеседі.