Астана қаласының прокуратурасы азаматтардың қаражатын үлестік құрылысқа заңсыз тарту дерегі бойынша «Оазис», «R-Club» және «R-ClubDeluxe» тұрғын үй кешендеріне қатысты қылмыстық істердің сотқа жолданғанын хабарлады. Тергеу материалдарына сәйкес, 426-дан астам отбасы 8,2 млрд теңгеден аса шығынға ұшыраған, деп хабарлайды Jas.kz.
Тергеу барысында қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар ҚР заңнамасының талаптарын бұза отырып«Оазис», «R-Club» және «R-ClubDeluxe» тұрғын үй кешендерін салу үшін азаматтардың ақшалай қаражатын тиісті рұқсаттар алмай тартқаны анықталды.
«Тартылған ақшалай қаражат көзделген мақсатта пайдаланылмады, ал объектілердің құрылысы тиісті түрде жүзеге асырылмады. Жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қамтамасыз ету мақсатында,соттың санкциясымен жылжымалы және жылжымайтын мүлікке, атап айтқанда 10 пәтерге, 36 жер учаскесіне, 16 тұрғын емес үй-жайға, 49 автомашинаға тыйым салынды. Күдікті 12 тұлғаларға қатысты «Күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», — делінген хабарламада.
Елорда прокуратурасы азаматтарды пәтер сатып алмас бұрын үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың бар-жоғын мұқият тексеруге шақырады. Бұл алаяқтықтан аулақ болуға және өз құқығыңызды қорғауға көмектеседі.
