Пятница, 13 декабря, 2024
No menu items!

Тәртіп сақшылары марапатталды

Басқа ақпараттар

Қоғам қауіпсіздігі мен азаматтардың тыныштығын күзететін полиция қызметкерлеріне артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Заңсыздық пен құқықбұзушылықтың болмауын қадағалау олар үшін басты борыш. Соған орай 8 адамды өрттен құтқарған полиция аға лейтенанты Серікбек Алпысбеков және сержант Мақсат Әлиев, қылмыскерді құрықтап, екі газ баллонының жарылуын болдырмаған полиция аға лейтенанты Нұржан Батқалбеков, шұғыл-қызметтік көрсеткіштер бойынша үздік жетістікке жеткен аға лейтенанттар Нұрсұлтан Бекетаев пен Аян Нұрахметов сынды ерлердің есімі ұмытылмайды.

Осындай жас мамандарға ұлағатты ұстаным мен өнегелі өсиет қалдырған Болат Қожақов, Өмірбек Ізбасаров, Егеубек Өмірзақов, Болат Молдабеков сынды ішкі істер органдарының ардагерлері өскелең ұрпаққа тәрбие беруден танған емес. Мұның бәрі Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толуына орай Талдықорған қаласындағы «Жастар» мәдениет және демалыс саябағында өткен сал­танатты жиында айтылды.

Жетісу полициясының же­тістіктері мен көрсеткіштеріне арналған салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, жергілікті полиция қызметіне көрсетіліп жатқан қолдаудың жалғаса беретінін жеткізді. Өз сөзін:

– Құрметті ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді Қа­зақстан полициясының 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 25 жыл бойғы қалыптасу кезінде еліміздің ішкі істер органдары күрделі жол кешіп, дамудың жаңа кезеңіне өтті, – деп бастаған Лаззат Махатұлы қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қадағалайтын тәртіп сақшыларына деген ел сенімінің жоғары екендігін айтып өтті. – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Полиция қызметкерлері азаматтардың сеніміне ие болып, олардың қызметі ең алдымен халыққа қызмет көрсетуге бағытталуы тиіс» – деп атап өткен болатын. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы – еліміз үшін басты құндылық. Сондықтан, полициядағы қызмет тәртіп сақшыларына зор жауапкершілік жүктейді. Полиция қызметкерлері азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етеді. Олар күн сайын қоғам дамуына зор үлесін тигізе отырып, қоғамдық тәртіпті қорғайды.

Лаззат Махатұлының айтуынша Алматы облысында 5 мыңға жуық полиция қызметкерлері абыроймен еңбек етуде. Қауіпті де абыройы қыз­мет жолын таңдаған тәртіп сақшыларының қатарында қызмет кезінде ерлікпен көз жұмған ерлерді ұмытуға болмайды. Азаматтардың өмірін қорғай жүріп қаза тапқан боздақтар полиция майоры Тұрғанжан Тұрдиев, полиция капитандары Азамат Мұртбаев, Ержан Ахметов, Виктор Иванов, полиция лейтенанттары Алмас Алинов, Ерлан Керімбеков, Ғалым Тәттібеков, Еділ Әділжан, старшиналар Ермұқаш Қасенов пен Манас Жұмаділов, полиция сержанты Мүсрет Абдулдаев.

Алматы облысында ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін қаржыландыру мөлшері жыл сайын артып келеді. Биыл қызметтік автотранспорт, қажетті техника мен мамандар штатын ашу үшін 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Одан бөлек, «Қауіпсіз аула» жобасы аясында облыс орталығына құны 4,5 миллиард теңге болатын 800 бейнекамера орнатылады. Дәл қазір облыста орнатылған 360 бейне-бақылау камерасы қоғамдағы тәртіпті қадағалауға қызмет етуде. Сондай-ақ, биылға 62 учаскелік полиция бекетінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Онда учаскелік полиция қызметкерінің отбасына арналған қызметтік үй бірге салынады. Осындай жетістіктердің қатары мол екенін жеткізген облыс әкімінің бірінші орынбасары бұдан соң облыс­тық, қалалық және аудандық ішкі істер органдарының бөлімшелеріне жаңа 50 автокөліктің кілтін беріп, үздік мамандарға облыс әкімі Амандық Баталовтың Құрмет грамотасын және Алғыс хатын табыстады.

Мінберге көтерілген облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығымен кезектен тыс арнайы атаққа лайықтыларды марапаттап, қызметте жоғары жетістіктерге жеткен мамандардың кеудесіне «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісін тақты. Одан бөлек, қоғамдық тәртіпті қадағалауға қажетті жұмыстарды ұйымдастыр­ған мамандарға «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі және II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Салтанатты жиын соңы еліміздің эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Соңғы жарияланымдар

Қайрат Сәтжанов: Екі салмақ бойынша финалдың нәтижесімен келіспейміз❌

Бокстан Қазақстан 🇰🇿құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов команданың Таиландта өткен Азия чемпионатындағы өнеріне қатысты пікір білдірді. «Біз тек екі...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз