Жол құрылысы тіпті тұралап қалатын болды. Асфальттың негізгі құрамдас бөлігі саналатын битумның тапшылығына енді дизельдің қымбатшылығы қосылды. Бірден 460 теңгеге көтерілді.
Аталған мәселенің кесірінен жол салып жатқан мердігерлер тығырыққа тірелді. Егер жақын күндері жағдай тұрақталмаса, белгіленген мерзімде жұмыстарды аяқтау мүмкін болмайды. Соның кесірінен мердігерлерге тағы да айыппұл салынады. Онсыз да сіңірі шығып отырған асфальт төсеушілер (тапсырыс берушілер емес), одан әрі құрдымға кете береді.
Күре жолдардағы ахуал жұрт назарында болғандықтан, тиісті органдар барын салып, мәселені шешуге тырысып жатқан шығар. Ал аудан, ауыл арасындағы шағын жолдардың құрылысы тағы да аяқталмай қалады. Мұндағы мердігерлердің жанар-жағар майды көп көлемде алып, сақтап қоятын шамасы жоқ. Сондықтан бар ауыртпалық осыларға түсіп отыр.
Бірақ жылда қайталанатын бұл тапшылықты бірер күнде жоя алатынына қазіргі үкіметтің қауқары жоқ-ау.