Инвестициялық серпіліс: Қызылордада нан өндірісі қайта жанданды

Басқа ақпараттар

Қызылорда қаласында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды өндірістік нысан – «Қызылорда-Нан» серіктестігінің нан өнімдерін шығару кешені салтанатты түрде іске қосылды.

Жоба аймақтың инвестициялық әлеуетін арттырып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған нақты қадам.

Ашылу рәсіміне зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары мен сала мамандары қатысты. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты жаңа кәсіпорынның іске қосылуымен құттықтап, өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларға тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс»,- деді облыс әкімі.

Жаңа кешеннің құрылысына 5,6 миллиард теңге жұмсалды. Мемлекеттік қолдау аясында 5 гектар жер телімі бөлініп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 1,2 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріліп, оның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды.

Бірінші кезеңде 3,1 миллиард теңгеге заманауи, толық автоматтандырылған жабдықтармен жабдықталған төрт өндірістік цех іске қосылды. Алдағы жылы жобаның екінші кезеңінде 2,5 миллиард теңгеге ұн комбинатын салу жоспарланған.

Кешенде бүгінде 120 адам еңбек етуде, алдағы уақытта жұмыс орындарының саны 170-ке дейін ұлғаймақ. Кешен өңірдегі еңбек нарығына оң әсер ететін әлеуметтік маңызы бар бастама.

Іс-шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпорынның ел игілігі үшін қызмет ететініне сенім білдірді. Өңдеу өнеркәсібіне ауқымды инвестиция салғаны үшін меценат Нейля Жүсіпова Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

1957 жылы алғаш рет іске қосылған нан зауыты 1995 жылға дейін халықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп келген еді. Араға отыз жыл салып, бұл игі дәстүр қайта жалғасып, жаңа кешен өз жұмысын бастады.

Жаңа өндіріс орны өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосатын стратегиялық нысан. Қызылорда халқы бұл бастаманы зор ризашылықпен қабылдап, жаңа кәсіпорыннан үлкен үміт күтуде.

Соңғы жарияланымдар

«Қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасады»: экс-сенатор оқулықтардағы олқылықтарды көтерді

«Қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасады»: экс-сенатор оқулықтардағы олқылықтарға назар аударды Білім күні қарсаңында тарих оқулықтарының сапасы мен ондағы қателер мәселесі...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз