Жамбыл облысында 30 жастағы әйел босанғаннан кейін перзентханада көз жұмған

Басқа ақпараттар

Жамбыл облысының перинаталдық орталығында 30 жастағы келіншек босанғаннан кейін көз жұмды. Ресми мәліметке сәйкес, әйел шығу тегі белгісіз сепсис салдарынан қайтыс болған. Алайда марқұмның жақындары оның өліміне медицина қызметкерлерінкінәлап отыр, деп хабарлайды Jas.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Тараз қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта болған. Туыстарының айтуынша, Салтанат Нышанбайдың жағдайы жүктілік кезінде де, босанғаннан кейін де тиісті деңгейде бақылауға алынбаған.

Марқұмның жұбайы әйелін аман-есен баласымен бірге үйге алып шығамын деп үміттенгенін айтады. Алайда сәби жалғыз қалды. Бала кесарь тілігі арқылы шала туған. Ол неонатологтардың бақылауында болған кезде, анасы шамамен үш апта бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін күрескен.

Марқұмның сіңлілерінің сөзінше, Салтанатқа ауруханада дер кезінде көмек көрсетілмеген. Олар сепсис медициналық мекемеде жұққан болуы мүмкін деп санайды. Айтуларынша, дүйсенбі күні ғана дәрігерлер оның жағдайының күрт нашарлағанын анықтаған, ал туыстарына ескертпестен жатырын алып тастаған. Осы операциядан кейін әйел есін жимай, көп ұзамай қайтыс болған.

Сонымен қатар, марқұмның жақындары әйелдің жүктілік кезінде тіркелген поликлиникасында да салғырттық болғанын алға тартады. Олардың айтуынша, Салтанат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлемегені үшін жүктілер есебіне қойылмаған. Ол 40 мың теңге қарызын кейін төлейтіні жөнінде қолхат жазғанымен, медициналық қызмет ала алмаған.

Туыстары әйелде преэклампсия белгілері болғанын, үйінде бірнеше рет есінен танып қалғанын айтады. Осыған қарамастан, көмек сұраған қоңырауларына жауап берілмеген. Кейін ол жедел жәрдеммен перинаталдық орталыққа жеткізілген.

Марқұмның денесін жерлеу кезінде туыстары оның денесінде көптеген хирургиялық тіліктер мен аяқтарында некроз белгілері болғанын көргенін айтады. Алайда дәрігерлер бұл жағдайға қатысты нақты түсініктеме бермеген. Туыстарының сөзінше, кейбір медицина қызметкерлері істің жария болмауын талап етіп, қысым көрсеткен.

Перинаталдық орталық өкілдері бұл айыптауларды растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Мекеме әкімшілігі әйел өліміне байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы биылғы жылдың басынан бері тіркелген жалғыз ана өлімі осы екенін айтып, істің жан-жақты тексерілетінін хабарлады.

Қазіргі таңда марқұмның артында екі бала қалды: жаңа туған нәресте және 5 жастағы ұлы. Туыстары Салтанаттың өліміне кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп, әділдік іздеп жүр.

Соңғы жарияланымдар

«Қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасады»: экс-сенатор оқулықтардағы олқылықтарды көтерді

«Қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасады»: экс-сенатор оқулықтардағы олқылықтарға назар аударды Білім күні қарсаңында тарих оқулықтарының сапасы мен ондағы қателер мәселесі...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз