
Киелі Түркістанда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде дəстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты аяқталды. Үш күнге созылған халықаралық додаға Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай, Үндістан, Ресей, Солтүстік Кипр, Тайланд, Түркиядан келген 100-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жалпы есепте төрт алтын, төрт күміс, үш қола жүлдемен командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
«Бүгінде Қазақстанның дəстүрлі садақ атушылары əлемдік рейтингте бірінші орында тұр. 2024 жылы мергендеріміз Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында жеңіске жетті. Былтыр тұңғыш рет Оңтүстік Кореяда өткен Əлем кубогінде жеңімпаз атанды. Жақында Өзбекстанда өткен чемпионаттың бас жүлдесін біздің мергендеріміз иеленді. Бүгін, міне, 11 жүлде алған Қазақстан құрамасы Азия чемпионы деп танылды. Екі-үш жылда елімізде дəстүрлі садақ ату қарқынды дамып жатыр. Тұрақты түрде бұл спорт түрімен 20 мыңнан астам адам айналысады. Ұлттық құрамада 80-нен астам садақшы бар. Оның онға жуығы – халықаралық дəрежедегі спорт шебері. Жамбы нысанасы тұңғыш рет əлемдік додалардың бағдарламасына кірді. Алдағы Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары мен Əлем кубогінде жеңіске жетеміз деген үмітіміз бар», – деді Дəстүрлі садақ ату федерациясының президенті, Парламент Мəжілісінің депутаты Нартай Сəрсенғалиев. Жарыстың алғашқы күні Пута нысанасы бойынша Қазақстан спортшылары айқын басымдық танытты.
Əйелдер арасында қазақстандық садақшылар Əсемгүл Ғалымжанова алтын жүлдеге, Фариза Сабыржан күміс жүлдеге болды. Қырғызстандық спортшы Əсел Садырова мен отандасымыз Айкөркем Батихан қола жүлдені еншіледі. Ерлер арасында Қазақстан спортшылары Жəнібек Саламатұлы – алтын медаль, Мұрат Лукпанов – күміс жүлде, Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды. Моңғолиядан келген Хүдэрчулуун Цэвээн де қола жүлде иеленді. Азия чемпионатының екінші күні мергендер Орта Азия нысанасы бойынша сайысқа түсті. Жарыс нəтижесінде қазақстандық спортшылар тағы да көш бастады.
Ерлер арасында Жəнібек Саламатұлы (Қазақстан) алтын медаль иеленсе, Ван Гуан (Қытай) күміс жүлде еншіледі. Самал Зұлпыхаров (Қазақстан) пен Алмаз Джунусов (Қырғызстан) қола жүлдеге ие болды. Əйелдер арасында Фариза Сабыржан (Қазақстан) чемпион атанса, Айкөркем Батихан (Қазақстан) күміс жүлдеге ие болды. Əсел Садырова (Қырғызстан) мен Цянь Чу (Қытай) қола медальді өзара бөлісті. 21 наурызда соңғы жарыс күні Жамбы нысанасы бойынша жарыстар өтті.
Бұл жолы қазақстандық спортшылар алтын жүлдені иелене алмады. Ерлер арасында Моңғолиядан келген Ганзориг Бат-Эрдэнэ бірінші орынға ие болса, екінші орынды Қазақстан спортшысы Марат Бексұлтан иеленді. Қола жүлдені қазақстандық спортшылар Мұхамедамин Бекжанұлы мен Самал Зұлпыхаров бөлісті. Əйелдер арасында қырғызстандық Чолпонай Умуркулова алтын жүлде иеленсе, қазақстандық Айкөркем Батихан күміс медаль алды. Қола жүлдені Əсел Садырова (Қырғызстан) мен Фариза Сабыржан (Қазақстан) еншіледі. Азия чемпионатында жүлделі орындарға ие болған барлық қазақстандық спортшы – дəстүрлі садақ атудан ҚР ұлттық құрамасының мүшелері.
