Бүгін Павлодарда жер жұмыстары кезінде топырақ опырылып, бес адамды басып қалған, деп хабарлайды Jas.kz Pavlodar-online сайтына сілтеме жасап.
Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, топырақтың опырылуы туралы хабар «112» пультіне түскен.
– Опырылу тереңдігі шамамен 6 метрді құрады. Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары жедел жіберілді. Құтқарушылар келгенге дейін кәсіпорын қызметкерлері бір адамды өз күшімен шығарып алды. Кейін құтқарушылар тағы екі зардап шегушіні топырақ астынан алып шықты, – деп хабарлады ведомство.
Зардап шеккендерге апаттар медицинасы орталығының мамандары алғашқы көмек көрсетіп, кейін жедел жәрдем бригадаларына тапсырған.
Алайда үйінді астынан екі адамның мәйіті табылды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Облыстық полиция департаменті еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғанын мәлімдеді.
Еске салсақ, қайғылы оқиға құбырларда дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде болған. Топырақ бес жұмысшыны басып қалған. Соның салдарынан екі адам қаза тауып, үшеуі құтқарылды.
Дәрігерлердің айтуынша, 1970 жылы туған ер адам амбулаторлық емге жіберілген. Ал 1966 және 2001 жылы туған екі жұмысшы жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр.
