Павлодар қаласының прокурорлары халыққа медициналық көмек көрсетуге арналған бюджет қаражаты мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ активтерінің жұмсалуына жүргізілген тексеріс барысында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Jas.kz.
Атап айтқанда, дәрігерлік қызметтердің жалған көрсетілгені белгілі болды. Мысалы, невропатолог, кардиолог, хирург, психолог сияқты мамандардың қабылдауы қайтыс болған адамдарға «жүргізілген» деп рәсімделген. Сондай-ақ акушер-гинекологтың кеңестері ер адамдарға көрсетілгені тіркелген. Бұдан бөлек, бір қызмет үшін бірнеше рет төлем жасау фактілері анықталған.
Тексеру барысында тиісті сертификаттары мен рұқсат құжаттары жоқ тұлғалардың медициналық қызмет көрсеткені де белгілі болды.
Қадағалау актілері негізінде заңбұзушылықтарды жою, рұқсат құжаттарын рәсімдеу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданды. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген 100 млн теңгеден астам шығын өтелді.
Қазіргі уақытта сотта мемлекеттік қаражатты жымқыру (62 млн теңге) және медицина саласында заңсыз кәсіпкерлік арқылы мемлекетке 41 млн теңге көлемінде залал келтіру фактілері бойынша екі қылмыстық іс қаралуда.
