Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша тергеу барысына пікір білдірді. Оның айтуынша, қылмыстық іс бойынша негізгі тергеу амалдары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Jas.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Вице-министрдің мәліметінше, тергеушінің қаулысы негізінде сот-психиатриялық сараптама жүргізіліп, оның қорытындысы алынған. Сараптама нәтижесі бойынша айыпталушы есі дұрыс деп танылған.
Бұған дейін күдіктінің мәжбүрлі емдеуге жіберілгені хабарланған болатын. Қазіргі уақытта ол Шымкент қаласынан тыс жердегі мамандандырылған күзетілетін медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. Емдеу аяқталғаннан кейін ол қайтадан тергеу изоляторына жеткізіледі.
Еске салсақ, биыл 11 қаңтарда Шымкент қаласында студент Нұрай Серікбай көшеде пышақ жарақатынан қаза тапқан еді. 28 жастағы күдікті екі тәуліктен кейін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған оқиғадан кейін Президент тапсырмасымен Шымкент полициясының әрекетіне тексеру басталды. Соның нәтижесінде қала полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Сонымен қатар бірнеше полиция қызметкері ішкі істер органдарынан шығарылды.
Одан бөлек, полиция қызметкерлерінің мәжбүрлі некеге қатысты арызды тіркеу бойынша тиісті шара қабылдамағаны үшін салғырттық фактісімен жеке қылмыстық іс қозғалды. Кейін іс «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабына қайта сараланып, бұл бап бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
