Көлем мен басқа да параметрлерді көрнекі түрде салыстыратын роликтерімен аты шыққан Youtube-тегі Reigarw Comparisons каналы бұл жолы жаратылыста бізге белгілі көлемі ең кішкентай бөлшек пен ең үлкен заттың арасындағы дүниелерді салыстыратын видеомен таң қалдырып отыр.
Себебі мұнда көлем салыстыру кезінде — заттардың арасындағы қатынастар да сақталған, ал бұл — өте қиын жұмыс. Нақты емес мәліметтерге қарағанда, бұл роликті жасауға 2 ай уақыт кеткен екен. Салыстырудың тағы бір ерекшелігі — қоршаған ортадағы тұрмыстық заттар да (автомобиль, үй, т.б.) есепке алынған.
Роликтегі ең кішкентай бөлшек — уақыт пен кеңістіктің «құрылыс материалы» — кванттық көбік. Ең үлкен зат — Pisces–Cetus алып шоғыры. Бұл шоғырдың орасандығын — оның көлденең қимасы 1 млрд жарық жылы екенінен түсінуге болады. Оны галактикалардың галактикасы деуге болады. Бірақ әрине, бұл өте дөрекі мысал.
Сана жетпес ең кіші көлем мен ең үлкен көлемді салыстырудың әдісін тапқан авторларға рахметтен басқа айтарымыз жоқ.
Шырақ Байкенова