— Ілияс, сұқбат басын студенттердің бүгінгі таңдағы басты мәселелерінен бастасақ деп едім. Сіз қазақстандық студенттердің ортасында жүрсіз, оларды бүгінде не толғандырады?
— Көптеген әлеуметтік мәселелер толғандырады. Атап өтер болсам, жатақхана жетіспеушілігі мен сапасының нашар болуы, білім саласындағы жемқорлық фактілерінің анықталуы, қоғамдық көліктегі жеңілдіктердің болмауы және тағы да басқа мәселелер. Бұрыңғы мен бүгінгіні салыстырғанда айтылған мәселелердің біршамасы уақыт өте келе шешімдері табылуда. Жатақханалар жаңадан салынып, қосымша гранттар үлестіріліп, шәкіртақының көлемі өсіп жатыр. Сондай-ақ, жас мамандардың басым көпшілігі бітірген мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай, жұмыссыздық мәселесі де өршуде. Елбасы «Жастар жылының» ашылуында айтқандай 200 мыңға жуық жасты 100-ге жуық мамандықтар бойынша қайта даярлау, оқу орындарын бітіруші түлектерге бизнес әлеміне тартуды тапсырған болатын. Осы тапсырмалар жүзеге асырылса, бұл мәселе де реттеледі деген сенімдеміз. Сонымен қатар, жастар жылы аясында студенттер тарапынан шәкіртақы бағасын көтерсе деген сұраныс бар.
— Сонда шәкіртақы көлемін тағы да көтеруді ұсынғыларыңыз келеді ме?
— Шәкіртақы араға жылдар салып артып келеді. Ол қалай көтеріледі?! Мысалы, елімізде қымбатшылық кезеңі орын алғанда көтерілсе, шәкіратқы жетіспеушілік басталады. Сол себептен бұл сұраныстың маңыздылығы біз үшін құнды. Жастар жылы аясында Елбасы белсенді студенттердің шәкіртақы көлеміне 30% қосылады деп тапсырған болатын. Негізі 20 мың шәкіратқыны айлық есептік көрсеткішпен есептесе, 25 мың теңгедей ақша болады. Студенттердің қажеттіліктері үшін бұл ұсыныс орынды.
— Ал, шешімін тауып жатыр деген жатақxана мәселесі қалай реттелуде? Осы уақытқа дейін жобамен қанша пайызы шешілді? Білуімше, пәтер жалдап шығынға бататын студенттер әлі баршылық?
— Қазақстан студенттері Альянсы 2005 жылы құрылған республика көлеміндегі ең үлкен студенттік қозғалыс. Сол жылдан бері «Қалай тұрып жатсың, студент?» шарасы жыл сайын өткізіліп келеді. Олардың жатахқанадағы жағдайларын тексеріп, қанша орын жетіспейтіндігі туралы ақпараттар шығарып, оны үкіметке жеткізу басты мақсат болды. Әрине, қазіргі уақытта пәтер жалдап тұратын студенттер баршылық. Бірақ, Қызылорда, Тараз қалаларында жатахқана мәселесі жеткілікті. Ал, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы аймақтарында студенттер саны жыл сайын өсуіне байланысты бұл мәселе ауқымды болып тұр. Мысал ретінде айтатын болсақ, Еуразия ұлттық университеті, Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің студенттері үшін басты мәселелердің бірі. Алдағы уақытта салынып жатқан жатақханалар арқылы бұл да реттеледі деген сенімдеміз.
— Сіздердің тараптарыңыздан студенттер үшін жол жүру ақысына жеңілдік жасауға қатысты қандай да бір ұсыныстар болды ма? Жол ақысы қымбат қалаларда тұратын студенттер үшін бұл күрделі мәселе екені айқын…
— Талдықорған және Орал қалаларында жол ақысына қатысты студенттерге жеңілдік жасалған. Алматы қаласының кейбір жоғары оқу орындарының студенттері үшін ғана бұл мәселесі шешілген. Себебі, жол жүру көліктерінің барлығы жекеменшік компанияларға тиесілі, сол себептен әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, бюджеттен арнайы ақша бөлінуі керек. Мен жұмыс сапарымен жүргенде әр аймақтың әкімдерімен кездескенде бұл бастамаларды жиі көтеріп жүрмін. Биылғы жылы да үкіметтік деңгейде көтеріп, шешімін тапқымыз келеді. Себебі, жастар жылы аясында студенттерге жол ақысының құнын төмендету әлеуметтік көмек болушы еді.
— Әңгімені грант жүйесіне ауыстырайық. Студенттер үшін қосымша қандай және қанша гранттар бөлініп жатыр? Сондай-ақ, ақылы бөлімде оқып, грантка ілігуді көздейтін студенттердің үміттері қаншалықты ақталып жатыр?
— Жыл сайын 54 мың грант берілсе, Елбасы биыл қосымша 20 мың грант бөлуді тапсырған болатын. Ол сұранысқа ие техникалық мамандықтарға бөлінеді. Бүгінде президенттің, оқу орындарының, оқу орны басшыларының стипендиялары үздік студенттер үшін үлестіріледі. Әрине, ақылы бөлімде оқып, грантқа ілігуді көздеп жүрген білімді студенттер жетерлік. Олар қалай ілігеді?! Егерде ақысыз бөлімде оқитын студенттің оқу деңгейі төмендесе, оқудан шығып қалса оған тиесілі болған грант жүйесі үлгерімі жақсы ақылы бөлімдегі студенттерге тапсырылады.
— Әңгімеңіздің арасында оқу орындарындағы жемқорлық фактілерінің анықталуы деп қалдыңыз. Жемқорлыққа күштеп мәжбүрлейтін мұғалімдерге қатысты жағдайларды анықтап, студенттердің құқығын қорғадыңыздар ма?
— Бұл бізде өршіп тұрған мәселе. Ашық айтылмағанымен, ондай фактілер бар. Біздің ұйымда «Таза сессия» жобасы бар. Жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесіп, жоғары оқу орындарының студенттері арасында кездесулер өткізіп, анонимді анкеталық сауалнамалар алынады. Ол нәтижелер Білім және ғылым министрлігіне, жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жіберіледі. Соңғы жылдары бұл акциямен «Нұр Отан» партиясы айналысы жүр. Биыл біз мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, «Таза білім» жобасын іске асырамыз. Аталған жағдайлар орын алғанда тікелей хабарласып, айтылатын, жаза алатын алаң құрылмақ. Қазіргі уақытта біз студенттерге және студенттермен жұмыс істейтін жастар орталықтарына арналған сайт, телеграм каналын ашу үстіндеміз. Сол желі арқылы жемқорлыққа куә болса және қысым орын алса, әр студентт оқу орнын, мұғалімнің аты-жөнін және жағдайды толық баяндап, анонимді түрде жазуға болады. Бұл жоба жақын арада іске қосылады.
— Белсенді студенттер сабақ үлгерімімен қатар, қоғамдық жұмыстарға жиі араласады. Бірақ, белсенділік танытамыз деп білім сапасының деңгейін түсіріп алатын да студенттер бар. Олар үшін сабақ маңызды, қоғамдық жұмыстарға да араласқылары келеді. Осындай жағдайда қандай кеңес берер едіңіз?
— Иә, әртүрлі шараларда белсенділік танытып, сабақ үлгерімін төмендетіп алатын жағдайлар бар. Немесе керісінше жағдай. Мен студент атанған күнімнен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытамын деп мақсат қойдым. Оқу үлгерімім де жақсы деңгейде болып, шәкіртақымды тұрақты түрде алып отырдым. Сабақ пен белсенділікті қатар алып жүру қиын деуге жалқаулық себеп. Мен Қытай, Америка сынды елдердің жастарымен тәжірибе алмасуға барғанда таңғы 5-те оянып, сабақ оқып отыратын кездеріне куә болғанмын. Менің ойымша жан-жақты жетістікке жету — әр студенттің өз қолында.
— Шет ел демекші, білімді студенттерге халықаралық олимпиадаларға дарындыларға әртүрлі байқауларға қатысуға қолдау білдіресіздер ме?
— Иә, әрине әлеуметтік жағынан ғана емес білім, тәжірибе алмасу үшін де жағдай жасағымыз келеді. Арнайы қаражат жағы бөлінбегендіктен, ол жағы қиын. Бірақ, бізде жоғары оқу орындарының қолдауымен студенттер республикалық, халықаралық конкурстарға қатысуға мүмкіндік алады. Еуропа студенттік кеңесіне мүшелікке енсек деген ой бар. Осы жоспарымыз арқылы студенттеріміз шет еге шығып, халықаралық деңгейде білімдерін жетілдіруге, байқауларға қатысуға мүмкіндік ала алады.
— Студенттер күні мерекелік күнтізбеде еңгізілген. Алайда, сіз Қазақстанда бұл мерекені өзге күнге белігілеуді ұсыныпсыз. Бұл ұсыныстың қажеті қаншалықты құнды және несімен ерекше?
— Негізі студенттер күні жылына екі рет тойланады. Қараша айында халықаралық және қаңтарда Ресей Федерациясының студенттер мерекесі ретінде білгіленген. Бірақ, қазақ елінің студенттері үшін бір күнді арнайы белгілесек артық етпейді. Білім, мәдениет және спорт жағынан үздік студенттерді марапаттап, ынталандырса жақсы емес пе?! Студенттердің барлығы келісіп отыр деуге болады, тек ұсыныстың қабылдануы маңызды.
— Қазақстан студенттері Альянсының жастар жылына жоспарлары қандай?
— Қазақстан студенттері Альянсы студенттік ұйымдардың дамуындағы бастамашыл қозғалыс. Менің бұл ұжымға келгеніме екі жылдың көлемі болды. Осы жылдар ішінде ұйымды республикалық, халықаралық деңгейде қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналыстық. Қазіргі уақытта көптеген жобаларды жүзеге асырып отырмыз. Жылдың соңында республикалық деңгейде Нұр-Сұлтан қаласында жастар ісі жөніндегі комитеттің бірінші съезі өтеді деп жоспарлануда. Оған дейін бізде ауқымды жобалар мен кішігірім іс шаралар күтіп түр. Оның ішінде мен айтып өткен және соның нәтижесі ретінде «Үздік жоғар оқу орындары», «Үздік колледж», «Үздік студент», «Үздік ректор» және т.б. марапаттаулар тағайындаймыз. Алдағы уақытта білімді және өнерлі студенттеріміздің халықаларық жобалар арқылы шет елге танытсақ деген оймен шаралар ұйымдастыру ойда бар.
— Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Айдана Әлиарыстан