Көкшетауда мұғалімдер мен техникалық мамандар үлкен сұранысқа ие. Қалада 40 жұмыс беруші ұйымның қатысуымен бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы.
Бос орындар жәрмеңкесін Ақмола облысының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. NEET санатындағы жастар мен 4 курс студенттерін жұмысқа орналастыру мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеде жұмыс беруші ұйымдар бос жұмыс орындарын ұсынды және жұмысқа қабылдау үшін үміткерлерді алдын ала іріктеуді жүзеге асырды.
«Бұл іс-шараға бізге 40-тан астам мекеме жүгінді. Олар жастарды бос жұмыс орындары туралы хабардар етеді. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтарының «Көкшетаудағы жұмыс» арнайы желісі бар. Сонда біз жастарға арналған түрлі бос жұмыс орындарын жариялаймыз. Сол арқылы олар жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады», — деп атап өтті облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Есекеева.
Жәрмеңке барысында көкшетаулықтар жастарға мемлекеттік қызмет, жеке кәсіпорындар, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау тәрізді өзге де салалар бойынша 260-тан астам бос жұмыс орны ұсынылды.
Сонымен бірге, қла тұрғындарына әлеуметтік жұмыс орындары мен ақылы қоғамдық жұмыстар да ұсынылды.
Жәрмеңкеде педагогикалық мамандықтар ерекше сұранысқа ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмыс берушілер осындай іс-шараларды одан әрі өткізуді және халықты алдағы бос орындар жәрмеңкесі туралы белсенді хабардар етуді ұсынды.