Домой Блог Страница 268

Болгариядан әлемдегі ежелгі алтын әшекей бұйым табылды

Болгариядан әлемдегі ежелгі алтын әшекей бұйым табылдыБолгарияның Провадия елді мекенінде (Варненск облысы) қазба жұмыстарын жүргізген археологтар олжаға кенелді. Олар әлемдегі ежелгі алтын әшекейлердің бірін тауып алды.

Әшекей саф алтыннан құйылған болып шықты және ол б.д. дейінгі 4100 жылдары жасалған.  Оның салмағы небәрі 2 грамм болғанымен, бұл аса құнды жәдігер екен.

Ғалымдардың айтуынша, сол дәуірде алтын аса қымбат металл болып, оны тек әлеуметтік мәртебесі биік жандар ғана таққан. Сондай-ақ бұл бұйым оның иесі жерленген кезде арнайы салт-дәстүрге сәйкес бірге көмілген болуы мүмкін.

24.kz

2016 жылғы Олимпиаданың ресми тілі француз тілі болады

2016 жылғы Олимпиаданың ресми тілі француз тілі боладыФранцуз тілі Рио-де-Жанейрода 2016 жылы өткізілетін Олимпиада ойындарында ресми қарым-қатынас құралы болады. Бұл туралы Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) хабарлайды, деп жазды epochtimes.ru.

Ойындардың ресми елшісі камерундық саксофоншы Дибанго болады. Ол жас шағында Францияда өмір сүріп, оқыған екен.  Дибангоның айтуынша, терроризмге байланысты Олимпиада кезінде қауіпсіздік шараларын күшейту керек.

Олимпиада қарсаңында француз билігі Бразилиямен барлау ақпаратын алмасып, терроризммен күрестен тәжірибе бөліседі.

24.kz

Абай ескерткіші Қырғызстан, Мысыр және Македонияда бой көтереді

Абай ескерткіші Қырғызстан, Мысыр және Македонияда бой көтередіАбай Құнанбаевтың ескерткішін Қырғызстанда орнату жөнінде нақты тапсырма болса, Мысыр мен Македония ескерткіш орнатуды өздері ұсынып отыр.

«Қазақтың ұлы ақыны Абайдың мәртебесі тек еліміздің көлемінде емес, шет елдерде де асқақ екені белгілі. Абай есімімен еліміздің әр елді мекенінде көше, оқу, мәдениет ұйымдары аталып, барлық бас қалаларында және ірі елді мекендерінде ескерткіштер орнатылған. Соның ішінде, Астана қаласындағы Абай даңғылы мен Әуезов көшелерінің қиылысында Абайдың монументалды ескерткіші бой көтерген», — деді министр.

Сонымен қатар ол Абай Құнанбаевтың шет елдерде тек шет тілдеріне аударылған шығармашылығы арқылы ғана танымал еместігін, оның есімімен Баку, Ташкент, Бішкек, Каир, Берлин, Дели, Киев қалаларында көшелер аталған деп өткен.

«Ал оның монументалды ескерткіштері Ресейдің Мәскеу қаласының орталығында, Ташкент (Өзбекстан) қаласында, Венгрия, Иран, Қытай елдерінің бас қалаларында орнатылған. Бұдан өзге Абай ескерткішін жуық мерзімде Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) орнату жөнінде тапсырма бар. Сондай-ақ, оның ескерткіштерін Мысыр Араб Республикасының Каир қаласында, Македонияның Скопье қаласында орнату жөнінде шет елдерден ұсыныстар бар», — дейді А. Мұхамедиұлы.

inform.kz

Қазақстандық «НОМАД» каскадерлер тобы «Викинг» фильміне түсуде

Қазақстандық "НОМАД" каскадерлер тобы "Викинг" фильміне түсудеРесейлік «Адмирал» және «Высоцкий. Спасибо, что живой» фильмдерін жарыққа шығарушылар «Викинг» кинокартинасын көрерменге ұсынбақ. Фильмдегі ұрыс сахналарын қазақстандық «Номад» каскадерлар тобы жасайды деп хабарлайды baistars.kz.

Номадтық жігіттер осыған дейін түрік елінде былтырдан бері түсіріліп жатқан «Ертоғрулдың өрлеуі» деп аталатын тарихи сериалда жұмыс істеген болатын.

«Викинг» князь Владимир Святославичтың билікке келу жолын баяндайтын тарихи-көркем фильм. Ерте орта ғасырдағы қанды кез бен қылышпен өткен өмірді көрсетеді. Режиссері Андрей Кравчук фильмнің көпшілікке ұнайтынына сенімді.

Фильмді түсіру  қаржылық киындақтарға байланысты 2009 жылдан бері жалғасып келеді. Аталған киын жағдайға байланысты фильмді жасаушылар голливудтық актерлардан бас тартқан, түсірілуі тиіс мекендердің орнын да ауыстырған. Жалпы, фильм бюджеті  900 миллион рубльді құраған.

Фильм прокатқа 2016 жылы 22 желтоқсанда шығады деп күтілуде.

Қазақстандық режиссердың жобасы француздық кино қорының грантын жеңіп алды

Қазақстандық режиссердың жобасы француздық кино қорының грантын жеңіп алдыҚазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Алиюшка» жобасы Францияның ұлттық кинематография орталығының грантын ұтып алды. 10 мың еуроға тең грант осы елдің Амьен қаласында өтіп жатқан халықаралық кинофестиваль аясында берілді деп хабарлайды baq.kz.

Режиссердің айтуынша, ол қазір аяқталуға жақын «Чума в ауле Каратас» фильмімен жұмыс істеуде. Осы жобаны бітірген соң «Алиюшка» фильмінің түсіріліміне кіріспек.

«Алиюшка» алдымен үздік 15 жұмыстың қатарына енген болатын. Сондай-ақ режиссердің бұл жобасы «Еуразия» кинофестивалінде де көркем фильмдер арасында жеңімпаз атанды.

Туындыда өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы Кеңес үкіметінің құлау кезеңі, қиын-қыстау заманда бұзылған зауытта өмір сүріп жатқан жандардың өмірі көрініс табады. 14 жасар Әлия сол ортадағы оқу-жазудан хабары және нашақорлыққа қарсы тұрған жалғыз адам. Жастардың басым бөлігі Әлияға қарсы шығады. Бірақ оған жас қыздың сағы сынбай, өзі сияқты жаман әдеттен аулақ адамдарды жанына жинайды.

Нұртас Адамбаевтың фильмі прокатқа шықты

"Побег из аула. Операция Махаббат" фильмінің көрсетілімі өттіОсы аптада отандық режиссер Нұртас Адамбаевтың «Побег из аула. Операция Махаббат» атты фильмі прокатқа шықты деп jas.kz порталы.

Фильмнің тұсаукесері 26 қарашада өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл кинокартинада Нұртас Адамбаев тек режиссер ғана емес, басты рөлді сомдаушы актер, сценарий авторы, оған қоса продюсер. Басты рөлді Нұртас Аружан Жазылбековамен бірге ойнайды.

Фильм продюсерінің айтуынша, бұл туынды махаббат, адалдық және ақша туралы болмақ.

Facebook бұрынғы сүйіктісін тез ұмыттыратын бағдарлама шығарды

Facebook бұрынғы сүйіктісін тез ұмыттыратын бағдарлама шығарды

Facebook бұрынғы сүйіктілерін тезірек ұмыттыратын бағдарлама ойлап тауып, сынақтан өткізуде. Жалпы әлеуметтік желілер арқылы қаншама адамдар танысып, көңіл жарастырды. Бірақ, кей кездері бұл таныстық ғұмыры ұзаққа бармай, адамдар қарым-қатынастарын үзіп жатады.

Facebook өкілі Келли Уинтерс былай дейді: «Адамдар отбасылы болып, дегеніне жеткен кезде бізге бұрынғы кездескен адамдарымен қарым-қатынасты үзгендіктерін айтып, жиі хат жолдайды. Осы жағдайды ескеріп, біз жаңа бағдарлама ойлап таптық», – дейді ол.

Сонымен, бұрын жүрген адамды ұмыту үшін Facebook ұсынған бағдарлама мүмкіндіктері қандай? Біріншіден, сіз оның постарын көрмейтін боласыз. Екіншіден, іздестіру бағанына алғашқы әріптерді енгізген кезде оның аты шықпайтын болады. Сондай-ақ бұрынғы сүйіктіңіз парақшаға кірмейтіндей етіп қоюға болады.

Ал онымен түскен ескі суреттерді ортақ таныстарыңыз көріп, «жараның аузын тырналай бермес» үшін достарыңыздың парақшаға кіруіне шектеу қоя аласыз, деп жазады mixnews.lv.

24.kz

Қазақстандық спортшы Хьюстонда әлем чемпионы атанды

Қазақстандық спортшы Хьюстонда әлем чемпионы атандыАҚШ-тың Хьюстон қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында 77 келіге дейінгі салмақта Ниджат Рахимов топ жарды.

22 жастағы Рахимов жұлқа көтеруде төртінші болып аяқтады. Ол үш мүмкіндігін де тиімді пайдаланды. Алдымен 155, одан соң 160 және 165 келіні көтерді.

Жұлқа көтеруде бірінші орынды 31 жастағы қытайлық Люй Сяцзюнь еншіледі. Бұл спортшы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы және үш дүркін әлем чемпионы болып табылады.Ол 175 келіні еңсерді. Екінші орынға 23 жастағы солтүстік кореялық Ким Гван Сон тұрақтады (171 келі). Үздік үштікті 19 жастағы Андраник Карапетян тұрақтады (167).

Ал серпе көтеруде Рахимовқа тең келер ешкім жоқ. Ниджат 195 келіден бастады. Кейін 207 келіні көтерді. Бұл салмақ оның әлем чемпионы атануына жеткілікті болды. Қытайлық Люй Сяцзюнь 201 келіні үш мүмкіндігін де көтере алмай, жарысты ерте аяқтады.

В тобында өнер көрсеткен Айдар Қазов 346 келімен жалпы есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Айта кетейік, Ниджат Рахимов Қазақстан спортшыларының арасынан алғаш болып жүлде алып отыр. Мұның алдында Маргарита Елисеева, Фархад Харки, Арли Чонтей жүлдеден құр қалған еді.

1. Ниджат Рахимов (Қазақстан) – 372 (165 + 207)
2. Хван Сон Ким (КХДР) –372 (171 + 201)
3. Юссеф Ахмет Махмуд Мохамед Ихаб (Египет) – 363 (162 + 201)

9. Айдар Қазов (Қазақстан) – 346 (152 + 194).

baq.kz

Қазақстан газ экспорттаушы елдер форумына құрметті қонақ ретінде қатысты

Қазақстан газ экспорттаушы елдер форумына құрметті қонақ ретінде қатыстыҚазақстан Тегеранда өткен газ экспорттаушы елдер форумының III саммитіне құрметті қонақ ретінде қатысты. Ауқымды жиынға бұдан бөлек Ресей, Иран, Ирак, Түрікменстан, Боливия, Экваториалдық Гвинея, Нигерия президенттері, Алжир премьер-министрі, Мысыр, БАӘ, Қатар, Норвегия, Тринидада және Тобаго, Перу мен Ливия, Әзербайжан мұнай-газ энергетикалық ведомстволар министрлері, Голландия экономика министрі және ОПЕК басшылығы қатысты.

Газ экспорттаушы елдер форумының негізі 2001 жылы қаланып, заңды түрде 2008 жылы құрылды. Сол жылы-ақ оның жарғысы қабылданды. Форумның мақсаты ғаламдық газ саясаты мәселелері бойынша тиісті елдердің өндірушілері, тұтынушылары мен үкіметтері арасында өзара түсіністік пен келіссөздерді дамыту болып табылады.

Жаһандық энергетикалық нарықтағы рөлінің жоғары екендігі және Каспий маңы серіктестігінің маңыздылығы ескеріле отырып, Қазақстан Саммитке құрметті қонақ ретінде шақырылды. Оған елдің сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты.

Саммитте сөйлеген сөзінде Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысов Қазақстанның елдің газ саласын одан әрі дамытудағы саясатының негізгі бағыттарына кездесуге қатысушылар назарын ерекше аударды. Табиғи газ өндіруді жетілдіру жоспарларымен қатар Қазақстан сұйық газ өндіру мен экспорттауды барынша меңгеруде.

Саммит қорытындысы Декларация қабылдау болды. Онда кездесуге қатысушылар бірлесе отырып, әлемдік нарыққа табиғи газды тұрақты тасымалдауға ықпал ету және газ өнеркәсібінде жаңа технологиялар трансфертін ынтыландыру ниеттерін мәлімдеді.

baq.kz

Ереже бұзғандарды өздігінен анықтайтын құрылғы сынақтан өткізілуде

Ереже бұзғандарды өздігінен анықтайтын құрылғы сынақтан өткізілуде
Ереже

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, Астана ІІД  ереже бұзғандарды автоматты түрде тіркейтін француздың жылдамдық өлшеуіштері сынақтан өткізіліп жатыр. Құрылғы Morpho (Франция) компаниясына тиесілі деп хабарлайды jas.kz порталы.

«Бұл құрылғылар бір-бір данамен Б. Момышұлы даңғылына орнатылып жатыр. Аппарат жол ережесі бұзылуларының оннан аса түрін, яғни жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, белбеу тағу, телефонмен сөйлесу, машина фарының қосылуы сияқты түрлі жол тәртібі ережелерінің сақталуын қадағалайды», — деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Әкімшілік полиция комитеті мұндай аппараттарды қаланың басқа аудандарына орнату мәселесінің әзірге шешілмегенін айтты. Бұл аппараттарды қолдану мәселесі сынамалық жобаның нәтижесінен кейін және бюджеттің бөлінуіне қарай шешілетінін айтты.

Бұл радарлар Астанада 2015 жылдың басында орнатыла бастады.  Радарлардың қосылғаны туралы ескерту хабарламасы whatsapp жүйесі арқылы алғаш рет осы жылдың ақпан айында, одан кейін сәуір айында келген болатын.

Сынақтан өткізіліп жатқан құрылғының бағасы әзірше белгісіз.