Домой Блог Страница 38

ОҚО Мәслихатына жаңа хатшы сайланды

df84788b-b98c-481b-ae8e-ef3fe6015272Бүгін облыс әкімдігінде алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс жетінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат депуттары мен облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және аудан, қала әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Күн тәртібінде 7 мәселе қаралды. Атап айтқанда, алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысын сайлау, «2016-2018  жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Оңтүстік Қазақстан облысындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу туралы және т.б. өзге де маңызды мәселелер қаралды.

Жиында алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысына Қайрат Рахымұлы Балабиевтың кандидатурасы ұсынылып, депутаттар бір ауыздап қолдап, сайланды. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзге де мәселелерге халық қалаулылары бірауыздан дауыс беру арқылы шешім қабылдап, олардың орындалуын мақұлдады.

Қайрат Балабиев 1965 жылы туған. Ұзақ жылдар прокуратура саласында қызмет еткен Қайрат Рахымұлы әр жылдары Шымкент қаласының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары прокурорының орынбасары болған.

Сессияның күн тәртібінде сөз алған аймақ басшысы Ж.Түймебаев жаңа хатшыны қызметімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Сонымен бірге, осы уақытқа дейін облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарып келген Әбілқасым Досболовқа алғысын білдірді.

Кезектен тыс отырыста облыс әкімі бүгінгі облыстық бюджетті нақтылау нәтижесінде, бюджет көлемі 12,6 млрд. теңгеге ұлғайып, 472 млрд. теңгені құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 млрд. теңгеге артқанын айтты. Бұл қаржының бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталатынын жеткізген өңір басшысы аталған жұмыстар қорытындысымен облыс көрсеткіші оңды нәтижеге жетеріне сенім білдірді.

«Білім беру мекемелеріне жан басына шаққандағы қаржыландыруға, балабақшаларда 13500 орынға мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастыруға және мұғалімдердің еңбек ақы шығындарына қосымша 7,3 млрд. теңге бағытталуда. «Өрлеу» жобасы арқылы аз қамтылған еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға, 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 538 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылуда. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін мемлекеттік қолдауға жалпы 6,2 млрд. теңге бағытталуда. 7 білім беру нысанның құрылысын жалғастыруға 725 млн. теңге қарастырылуда», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Аймақтың денсаулық сақтау саласын дамыту жайы да ұмыт қалған жоқ. Салаға қатысты 3 нысанның құрылысын аяқтауға және 1 нысанның құрылысын жалғастыруға 298 млн. теңге бағытталатын болды. 21 тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға қосымша 950 млн. теңге бөлінсе, сумен қамтамасыз ету үшін 3 нысанның құрылысына 1,3 млрд. теңге және 2 кәріз нысанының құрылысына 781 млн. теңге жұмсалмақ. Ал газбен қамтамасыз ету үшін 7 нысанның құрылысын жалғастыруға және 1 нысанның құрылысын бастауға 598 млн. теңге бағытталуда.

Сонымен бірге, аймақ басшысы электрмен, жылумен қамтамасыз ету жұмыстарына, кәсіпкерлік саласына да қаражат қаралып жатқанын хабарлады.

Алматыда жәрмеңке өтеді

b437b09e2b34efda4d0efde1bd8b25a6Ертең Алматы қаласында Алматы облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кеңейтілген жәрмеңкесі өтеді. Оған өңірдің 16 аудан, 3 қаласынан  құны 166 миллион теңге болатын 285 тонна ет, сүт өнімдері, жеміс-жидек, көкөністер жеткізіліп, қала халқына орташа нарық бағасынан 15-20% арзан бағада ұсынылады. Жәрмеңке кезінде Алматы қаласының Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейін автокөлік қозғалысы шектеледі.

Түркістанның туризмін дамыту – басты мақсат

turkistan_sapary-_nyuyuyuyuyuОңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласында жұмыс сапарымен болып, бірқатар туристік, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып табылатын Түркістан қаласын аралау кезінде аймақ басшысымен бірге Түркияның астанасы — Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен измирлік кәсіпкер Омур Онур мырзалар да қатысып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

Ең алдымен, облыс әкімі бастаған делегаттар Орта Азияда теңдесі жоқ тарихи жәдігер саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болды. Сонымен қатар, олар «Көне Түркістан» тарихи-мәдени туризмін дамыту концепциясымен танысты.

Түркістанды туристік қалаға, туризм орталығына айналдыру күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі екенін айтқан өңір басшысы тұжырымдаманы әлі де жетілдіріп, халықаралық стандартқа сай ету арқылы толықтырып, қайта жасауды тапсырды. Бұл ретте, әкім жылына 1 миллионнан астам турист келетін аймаққа алдағы жылдары 1 миллионға жуық түркиялық туристердің келуге дайын екенін xабарлап, соған сай сервистік қызметтердің сапасы да жоғары талапқа сай болу қажеттігіне тоқталды.

Мұнан соң, өңір басшысы жаңадан бой көтерген «Отырар» шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысып, оның сапасы мен онда қолданылатын құрылыс материалдарының отандық өнімдер болуы керектігін назарға алды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, аталған шағын аудандағы 5 қабатты екі тұрғын үй, яғни 120 пәтер үй кезегінде тұрған тұрмысы төмен отбасыларға пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінде мұнда тағы 60 пәтерлі 8 тұрғын үй мен «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» арқылы 72 пәтерлік 2 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жалпы Түркістан қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтар саны 3 мыңнан асады. Осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында аталған үйлер бой көтеріп жатқан аумаққа «Отырар» шағын ауданы деген атау беріліп, келешекте 100 үй салу жоспарлануда.

Сапар барысында жұмысшы топ Түркістан қаласының батыс бөлігінде орналасқан индустриалды аймақтың жұмысымен танысты. Онда әкім жиһаз шығаратын «Гранд Микс» кәсіпорнының жұмысын көріп, бағасы төмен, сапасы жоғары жиһаз шығарушы кәсіпкердің жұмысына оң бағасын берді. Және  шығарылатын өнімді кеңінен насихаттап, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде өтетін кәсіпкерлік көрмелеріне қатыстыруды жүктеді.

Аумағы 40 гектар болатын индустриалды аймақта құны  8865,5  млн. теңге болатын  14  жоба орналастырылып, 720 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бүгінде оның 5-уі жұмыс істеп тұр.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан киелі Түркістан қаласына жасаған сапары барысында Ж.Түймебаев қала активімен кездесті.

Жиында Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев  қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша 10 айда атқарылған жұмыстарды баяндаса, қала әкімінің орынбасарлары проблемалық мәселелер бойынша мәлімдеме жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі біршама жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтып, проблемалық мәселелердің де жоқ еместігіне тоқталды.

«Біріншіден, Түркістан қаласы дотациялық өңір. Себебі, қала бюджетінің тек 7,8 пайызы немесе 2,1 млрд. теңгесі өзіндік кірістер, ал қалған 24,7 млрд. теңгесі облыстан және республикадан берілетін субвенция мен трансферттер. Сонымен қатар, мұнда 10 айға қаралған бюджет қаражатының 249,3 млн. теңгесі игерілмеген, оның 26,5 млн. теңгесі субъективті себептермен игерілмеген. Бұл жергілікті бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жеткіліксіз жұмысының нәтижесі», — деді әкім.

Еліміздің экономикасын дамытуға инвестиция тарту ең басты мақсат және бұл туралы Мемлекет Басшысының тікелей тапсырмасы бар екенін айтқан аймақ басшысы былтырғы жылдың 10 айымен салыстырғанда, биыл аудан экономикасына салынған инвестиция көлемі  27,7 пайызға немесе 3,9 млрд. теңгеге кеміген.  Сондай-ақ, жыл сайын Түркістан қаласына келетін 1 млн. астам туристер мен зияратшыларға  көрсетілетін сервистік қызметтер деңгейі төмен.

Осыған орай, облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасымен бірлесіп қаланың туристік потенциалын арттыру бойынша нақты қадамдық іс шара жоспарын бекітуді тапсырды.

Сондай-ақ, әкім ветеринаринарлық шараларға және бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану мәселесіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей отырғанын атап өтті. Мәселен,  мал өлекселерін тастайтын орындар саны 18, немесе 40%-ға ғана қамтылған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5 мың гектар және кәсіпкерлік мақсаттағы 1,6 мың гектар жер пайдаланылмай отыр.

Жиынды қорытындылаған Жансейіт Қансейітұлы жоғарыда аталған кемшіліктерді жою мақсатында бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Атап айтар болсақ, салық салу базасын ұлғайту, бюджеттік емес инвестицияларды тарту бағытындағы жұмыстарды арттыруды, сонымен бірге, қалаға  келуші  туристер  мен  қонақтарға көрсетілетін  сервисттік қызметтер  сапасын  арттыру үшін арнайы іс — шара жоспарын әзірлеп, бекіту нұсқалды. Мұнан бөлек, ауыл шаруашылық және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайта айналымға қосу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді міндеттеді. Сонымен бірге, қоғамдық көлік қызметіне, автовокзалдар мен автобус тұрақтарының жағдайына сараптама жасауды, жаңа жұмыс орындарын ашу және жұмыссыздар санын азайтуды, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сапар соңында жұмысшы топ Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік унивеситетінде аялдады. Ондағы оқытушы құраммен болған кездесуде аймақ басшысы ғалым, профессорлардың өңірімізді дамытудағы ұсыныс, тілектерін тыңдады.

ОҚО-да Асанбай Асқаров атындағы ұлттық ат спорты ойындары өтуде

96c15075-6845-492e-9ede-b2947bab207cБүгін Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров атындағы ұлттық ат спорты ойындарының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Халықаралық жарыстың ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев турнирге қатысушы барша  командаларға сәттілік тілеп, Асанбай Асқаровтың елге сіңірген еңбегі мен жетістіктеріне тоқталды.

«Асанбай Асқарұлы ұзақ жылдар бойы Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарын басқарып, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан азаматтың бірі және бірегейі деп білеміз. Қоғам қайраткерінің осы өңірді басқару кезінде осы тұрған Орталық атшабар, Дендросаябақ пен Зообақ және балалар темір жолы сынды қаншама әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілген. Ел ағасының облыс тұрғындары үшін жасаған игі істері мен қалдырған ізгі мұраттары бүгінгі ұрпаққа үлгі болып, ел есінде мәңгілікке сақталады деп білемін», — деді әкім.

Бүгінгі турнирге ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Түркияның астанасы — Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бірқатар мемлекеттік жаттықтырушылар қатысып отыр.

Көкпардан 13-ші рет, аударыспақтан 5-ші рет, жамбы атудан 1-ші рет ұйымдастырылып жатқан халықаралық ұлттық спорт бәйгесіне көршілес Өзбекстан мен Қытай Халық Республикасынан арнайы командалар қатысса, республика өңірлері — Астана қаласы, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Түлкібас ауданынан  «Майлыкент» командалары бақ сынауда.

Айта кетейік, жалпы облыстағы түрлі деңгейдегі мекемелерде ұлттық спорттың 10 түрі – қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге, асық ату, теңге ілу, саят түрлері дамытылады. Аталған спорт түрлерімен 220-дан астам жаттықтырушы, 5 мыңнан астам спортшы айналысады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ат спорты ойындарынан ересектер арасында мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері А.Асқаров атындағы халықаралық турнир, ат спортынан КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, ат спортынан КСРО-ның 9 дүркін жеңімпазы Ә.Дауылбаевтың жүлдесіне арналған республикалық турнир, Ұлыстың Ұлы күні «Наурыз» мейрамына арналған республикалық турнир және «Шымкент қаласы күні» мерекесіне арналған республикалық турнирлер өткізіліп тұрады.

Жалпы, өңірімізде ұлттық ат спорт түрлері — көкпар, аударыспақ, жамбы ату сынды ойындардан топ жарып, көш бастаған спортшылар баршылық. Атап айтсақ, көкпаршылар —  Бақтыбай Шырынқұлов, Нұржігіт Мырзабаев, Темірхан Айтбаев, Омарбек Еркебайлар салым салуда ешкімге тізгін бермесе, аударыспақтан Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров және Түймебек Жұмалиев көш бастап тұр. Ал ұлттық ат спорт түрінен Ғалымжан Ізжанов, жамбы атудан Айкөз Ералхан, Қазақстан Республикасының спорт шебері, жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионы ретінде Сарыбай Айтбек танымал.

Елордада көшелердің біріне Никола Тесланың аты берілді

Кеше Family Village коттедж қалашығында белгілі ғалым, өнертапқыш Никола Тесланың атындағы көше ашылды. Бұған дейін жобалық атауы № 350 болған көшенің ұзындығы — 1006 метр. Салтанатты шараға Астана әкімі Әсет Исекешев, Сербия премьер-министрі Александр Вучич, сондай-ақ, Белград мэрі Синиша Мали қатысты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қала басшысы Әсет Исекешев атап өткендей, жақында Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербияға сапары барысында Белград қаласында атақты ақын Жамбыл Жабаевқа арналған ескерткіш ашылды. Мұнымен қоса, Белград қаласындағы көшелердің біріне Қазақстан атауын беру туралы шешім қабылданды. Өз кезегінде Астанада Никола Тесла көшесінің пайда болуы халықтар достығыныңа тағы да бір белгісі болмақ.

«Никола Тесла көшесі ашылған бұл жерде ЭКСПО-2017 көрмесі болатын Астана қаласының орталық даңғылдарының бірі өтеді. Сол себепті көрменің «Болашақ энергиясы» деген атауы да символикалық мәнге ие, өйткені Никола Тесла физикада, жаңа шешімдер саласында, энергетика саласында танымал ғалымдардың бірі болғаны белгілі. Келесі жылы ЭКСПО кезінде мәдени шараларды өткізу үшін Белградтан делегация күтіп отырмыз. Шын жүректен Сербия халқына және Белградқа даму тілеймін, алдағы уақытта тағы да кездесетінімізге, осы көшеде кездесетінімізге үміттенемін», — деді Әсет Исекешев.

Қала басшысы сондай-ақ, Сербия ресми тұлғаларының бұл жолғы сапары Астана мен Белград арасындағы қарым-қатынастарға тың серпін беретінін, ал ел президентімен өткен келіссөздер қос мемлекеттің байланыстарын дамытуға әсер ететінін атап көрсетті.

Сербия Премьер-министрі Александр Вучич белгілі өнертапқыштың атымен аталатын көшенің ашылуы  Астана қаласының тұрғындары үшін ғана емес, Сербия елінің барлық азаматтары үшін тарихи оқиға деп есептейді.

«Қазақстанға жасаған алғашқы сапарымда мен әлемдегі және Сербиядағы ең құрметті серб — Никола Тесланың есімімен аталған көшені зор мақтанышпен ашып отырмын. Бұл көшенің біздің елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толған жылы ашылуы да символикалық мәнге ие, бұл біздің мемлекеттерімізді және халықтарымызды өзара құрмет пен достық қатынастар байланыстыратынын тағы бір дәлелдейді», — деп атап көрсетті Александр Вучич.

Никола Тесла физика, радиотехника, электр техникасы саласында әлемге танылған өнертапқыш және ғалым болған, 700-ден аса патенттің авторы. АҚШ-тағы Ниагара сарқырамасында орналасқан әлемдегі ең бірінші су электр станциясының құрылысына зор үлес қосқан. Оның өнертабыстары энергияны алыс қашықтықтарға жеткізуде маңызды роль атқарды.

Елорда аумағын тазалау жұмыс тобының ерекше бақылауында

c-2Қар жинау жұмыстарын оңтайландыру және тиімді жүргізу мақсатында қала билігі мемлекеттік органдардың және қаланы санитарлық тазарту үшін жауапты коммуналдық қызметтердің өкілдерінен құралған жұмыс тобын жасақтады. Жұмыс тобына Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов жетекшілік етеді, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қала аудандары бойынша абаттандыру және санитарлық тазалау мәселелерін жүргізетін аудан әкімдерінің орынбасарлары жауапты тұлғалар саналады. Жұмыс тобының құрамына «Астана Тазалық» ЖШС, «Астана Көгалдандыру» АҚ, коммуналдық шаруашылық, табиғи ресурстар, құрылыс, энергетика басқармалары, «051 қызметі» ММ, және Астана қ. ІІД ЖПҚ Экология департаментінің өкілдері енгізілді.

Топтың жұмысы жедел әрекет етуге, проблемалық учаскелерге түрлі қызметтердің техникасын жедел түрде тартуға дайын болуға, абаттандыру және санитарлық күтіп ұстау ережелердің сақталуын қамтамасыз етуге, заңсыз қар үйінділерінің пайда болуына жол бермеуге, және халықты кең көлемді ақпараттандыруға бағытталған. Қазіргі уақытта көшпелі топ жауапты тұлғаларды уақытылы ақпараттандыру үшін бағыттарды аралау арқылы қаланы санитарлық тазалау жұмыстарына мониторинг жүргізуде.

Елордада көше-жол желісін, жаяу жүргіншілер жүретін аймақтарды, аула және орамішілік аумақтарды тазалау бойынша жұмыстар іркіліссіз жүргізілуде. Көлік жолдарындағы қаржы кешенді түрде жинау және шығару жұмыстары, және көшелерге реагнт себу түнгі уақытта да жалғасады. Жол жұмыскерлері қарды сыру, көше қиылыстары мен кіру жолдарын тазалау жұмыстарын жүргізуде.

Астанада ПИК жұмысы бойынша азаматтардан өтініштер қабылдайтын қауырт желі іске қосылды

c-1Халықты уақытылы ақпараттандыру, сондай-ақ тиімді кері байланыс орнату үшін Астанада тұрғындардан өтініштер қабылдайтын қауырт желі ашылды. Елорда тұрғындары 8(7172) 93-08-99 телефонына немесе ұялы телефоннан 109 (қоңырау тегін) қысқа номеріне хабарласа алады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ауа райының күрт бұзылуына орай қала тұрғындары мен қонақтары аулаішілік аумақты тазарту, көктайғақ және санитарлық тазарту мәселелеріне алаңдаушылық танытуда. Қоспалардың аула аумағына уақытылы себілмеуінің салдарынан көктайғақ болып, адамдардың құлап, жарақат алу жағдайлары көбейді. Бұл жағдайда барлық жауапкершілік ПИК-ке жүктеледі.

Қазіргі кезде Астанада 467 пәтер иелері кооперативі бар. Соның ішінде 144-і «Сарыарқа» ауданында, 231-і «Алматы» ауданында және 92-сі «Есіл» ауданында жұмыс істейді. ПИК міндетіне үйдің маңындағы аумақты жинау, соның ішінде қар шығару, жаяу жүргіншілер жолдарын тазарту, тротуарларға құм себу жұмыстары жатады.

Аумақты қар мен мұздан тазалау жұмыстаары жүргізілмесе, немесе сапасыз жүргізілсе ПИК ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы «Абаттандыру ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Елорда әкімдігі ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 60-тан аса шара дайындап жатыр

cҚазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл Елорда әкімдігі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 60-тан аса шара дайындап жатыр. Педагогтарға, дәрігерлерге, спортшыларға, құрылысшыларға, кәсіпкерлерге, студенттерге, көп балалы аналарға және еңбек ұжымдарына, жас республиканың дамуына елеулі үлес қосқан, Қазақстанды шетелге танытқан азаматтарға басымдық беріледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтары Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған көрмелер мен концерттерді тамашалай алады.

Атап айтқанда, 13 желтоқсанда Оқушылар сарайында (Б. Момышұлы даңғ.) «Мәңгілік ел — Қуатты Қазақстан» мерекелік концерті өтеді; 22 желтоқсанда «Ақбұлақ» өзенінің жағалауында және «Жерұйық» саябағында «Мұз үстіндегі қала» мұз қалашықтары, мектептердің аумақтарында хоккей корттары ашылады; желтоқсанның 10-ынан 12-сіне дейін «Алматы» ауданының тұрғын алаптарында «Астана шаттық» автокеруені  Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді; 23 желтоқсанда «Қазақстан» спорт сарайында жетім балалар мен аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан балалар үшін тегін негізде мұзда коньки тебу шарасы ұйымдастырылады.

Атап өтерлігі, зейнеткерлер, көп балалы және тұрмысы төмен азаматтар 18, 19, 24, 25, 26 қараша күндері М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында және 29 қарашаға дейін Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында қойылымдарды тегін тамашалай алады.

Тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері атанды

8717cbf1425374ab04fd011e0ab95041Алматы облысының әкімі Тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері атанды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласындағы «Тұран» Университетінде өткен «Тәуелсіз Қазақстанның Үздік инженері» және «2016 жылдың үздік инженері» республикалық конкурстарының жекңімпаздарын марапаттау салтанатында белгілі болды.

Шараны ашқан Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академияның президенті Бақытжан Жұмағұлов конкурстың негізгі мақсаты өңірлерді дамытуды ынталандыру, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық маңызды бағыттарында ілгерілеуді жүзеге асыру екенін атап өтті.

— Инженерлер экономиканың барлық салалары – өндірістің ауыл шаруашылығының, кен өндіру және басқа да салалардың дамуына зор үлес қосып келеді, — деді Б. Жұмағұлов.

Конкурс қорытындысы бойынша «Тәуелсіз Қазақстанның Үздік инженері» жоғары атағына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ие болды. Облыс басшысына алтын медаль мен дипломды Ұлттық инженерлік академияның конкурстық комиссиясының төрағасы, академия президиумының мүшесі, академик Асқар Құлыбаев тапсырды.

Инженерлік идеялардың жаңашыл бастамашысы, өндірістің ірі ұйымдастырушысы Алматы облысының әкімі А. Баталовтың басшылығымен өңірде 2010-2016 жылдары 50 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 7515 жаңа жұмыс орны ашылғаны, 158 жаңа нысан пайдалануға беріліп, қолданыстағы 60 кәсіпорын кеңейтілгені атап өтілді.

А. Баталовтың шығармашылық инженерлік ойлары мен мақсатқа жетудегі табандылығының арқасында облыс орталығы жаңарып-жаңғырды, жаңа инновациялық электронды кешенді жер картасы жасалды, газдандыру ісінде ауқымды жұмыстар жүріп жатыр, Балқаш көлін сақтау мен дамытуға жағдай жасалуда, суарылатын жерлердің көлемі артып, жаңа суармалы жерлер игерілуде, қызылша шаруашылығы қалпына келтірілді, сол сияқты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында басқа да толайым табыстарға қол жеткізілді.

Өз кезегінде облыстың бірінші басшысы конкурстың ұйымдастыру комитетіне Жетісу өңірінің дамуын жоғары бағалағаны үшін ризашылығын білдірді.

— Алматы облысы – әлеуеті зор аймақ. Қазіргі кезде зор қарқынмен дамып келеді. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде көптеген нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, 1991 жылы облыс бюджеті 11,7 миллиард теңгені құраса,  бұл көрсеткіш биылғы жылы 403 миллиард теңгеге жетті, соның 140 миллиард теңгеден астамының өзі бір ғана білім саласына бағытталып отыр, — деді А. Баталов.

Атап өтсек, конкурстық комиссияның қарауына еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден астам үміткер ұсынылған.

Қазығұртта бидайдың орташа өнімділігі 26,9 центнерді құрады

20161115_151549Бұл туралы Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында хабарлады.

Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді баяндаған Т.Телғараев ауданның жалпы өңірлік өнімі 74,2 млрд. теңгеге жетіп, 30,6 есеге, ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 431,7 млн. теңгеге жетіп, 45,8 есеге артқанын айтты. Осы жылдар ішінде Қазығұртқа жалпы 102,7 млрд. теңге инвестиция тартылса, 2016 жылы 13 963,3 млн. теңгеге дейін өскенін  баяндады.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2012 жылдан бері жалпы саны 28 жоба қолдау тапқан. Ауданда шығарылған өнім көлемі және көрсетілген қызмет пен жұмыс көлемдері 33,3 млрд теңге болып, 1991 жылмен салыстырғанда 51 есеге артты. Кәсіпкерлікті дамытуға 6 несие беру ұйымдары арқылы, 2009 жылдан бері аудан кәсіпкерлеріне 9,8 млрд.теңге қаржы берілген»,- деді аудан басшысы.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай ауданда тамшылатып суару әдісінің жалпы көлемі 2384 гектарға, ал жылыжайлар көлемі 88,9 гектарға жеткен. Осы жылыжайлардан биыл 4,5 мың тонна көкөніс өнімдері жиналған.  Ал егіс көлемі өткен жылдан 2290 гектарға артып, 83908 гектарды құрап отыр.

Спикердің мәлімдеуінше, осы жылы дәндік жүгеріден 2061,2 тонна, көкөністен 10397 тонна, бақшадан 2550 тонна, картоптан 5189 тонна, масақты дақылдардан 113251  тонна өнім жиналған. Ал,  бидайдың орташа өнімділігі 26,9 центнерді құрады.

Мұнан бөлек, Тәуелсіздік жылдары ірі қара мал саны 64 880 басқа жетіп, 1,5 есеге, қой-ешкі саны 356 843 басқа жетіп, 1,3 есеге, жылқы саны 28 331 басқа жетіп, 2,2 есеге өскен.

Бүгінгі күнге ауданда 569 ірі қара мал бордақылау алаңдарында 9023 бас мал бордақыланып, 13015 тонна ет өндірілді. Ет өнімі 13 015 тоннаға жетіп, 1,3 есеге, сүт өнімі  43 488,7 тоннаға жетіп, 1,2 есеге өскен.

Жалпы, құрылыс саласы бойынша 2001-2016 жылдар аралығында 18,3 млрд. теңгеге 131 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауданда Тәуелсіздік жылдары 32 мектеп, 7 балабақша,  1 мәдениет үйі, 1 аудандық аурухана мен емхана, 8 дәрігерлік амбулатория, 1 ауылдық емхана, 1 ауылдық аурухана ғимараты, 9 фельдшерлік-акушерлік және 9 медициналық тіректер салынған.

Газдандыру жұмыстары бойынша 64 елді мекеннің бүгінгі таңға 26 немесе 40 пайызы табиғи газбен қамтылған. Қазіргі таңда құрылысы аяқталған 16 елді мекенге табиғи газ қосу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аудан бойынша 42 елді мекен табиғи газбен қамтылып, 65,6 пайызды құрайтын болатының айтқан аудан басшысы алдағы уақытта бұдан да ауқымды жұмыстар атқарылатынын жеткізді.