Астана қаласының ішкі істер департаментінде полиция қызметкерлерінің арасындағы «Парасатты полицей» жыл сайынғы турнирі өтті. Төрт команда шығармашылық тапсырмалар орындап, терминдерді білу, өз ойын сауатты әрі әдемі жеткізу бойынша сайысқа түсті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
– Конкурсқа қатысу беделіңді арттырады, қалалық полицейлер шығармашылық әлеуетін ашып, өздерінің түрлі қабілеттіліктерін көрсетеді, – дейді Астана қаласының ІІД Кадрлық жұмыс басқармасының басшысы полиция полковнигі Жандос Даришев.
Конкурс ішкі істер қызметкерлерін патриотизмге тәрбиелеуге, қатысушыларды қазақ тілін үйренуге ынталандыруға бағытталған.
– Мұндай шаралар қазақ тілінің деңгейін көтеруге және оны халық арасында таратуға ықпал етеді. Болашақта Қазақстан халқы ана тіліміз – қазақ тілінде сөйлесе екен деймін, – дейді Астана қ. «Сарыарқа» аудандық ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі Сайлау Жанатаев.
Конкурстың қорытындысы бойынша жол-патрульдік полиция полкінің «Жұлдызды жігіттер» командасы бірінші орынға ие болды. «Есіл» аудандық ІІБ «Есіл ағады» командасы екінші, «Алматы» аудандық ІІБ «Бiрлiк» командасы үшінші орынға табан тіреді. Ал «Сарыарқа» аудандық ІІБ «Сарыарқа қырандары» командасы төртінші орынды қанағат тұтты.