Бүгін – танымал композитор, қазақ вальсінің королі, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні.
Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген.
Оның әндері республикамыздың қай өңірі болмасын жиі айтылып, әнсүйер қауым арасында кең тараған. Халық арасында әсіресе, «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша танымал.
Сазгер 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде 300-ге жуық музыкалық туынды жазған.
Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай, бүгін дәстүрлі Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы алғаш рет композитордың туған жері Отырар ауданында өтеді. Осы күні аудандық мәдениет сарайында «Сағыныш сазын самғатқан — Шәмші» көрмесі ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, байқаудың марапаттау рәсімі мен Гала-концерті туған топырақты тебірентіп, аспанын әнге бөлеу мақсатында ТҰҢҒЫШ рет қазаққа ғасырлар өтсе де өнердің өлмес туындыларын сыйлап кеткен дара тұлғаның өскен ауылы — Шәмші Қалдаяқов ауылында өткелі отыр. Айта кетейік, аталмыш байқау алдағы жылы өңірдегі әр ауданда өткізу жоспарлануда.
Барша өнер сүйер қауымды бүгінгі қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған ән байқауға шақырамыз.