9-12 тамыз күндері Астанада ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ «Жастар» жазғы фестивалін ұйымдастырды. Төрт күнге созылған шарада, еліміздің барлық аймағынан жиналған 73 жайдарман тобы түрлі ойындар өткізіп, семинар-тренингтерге қатысты.
Жазғы фестиваль аясында «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Президенті Есен Елеукен жайдарманшыларға семинар өткізді. Семинарда қазіргі мемлекеттік жастар саясатындағы жайдарманның рөлі туралы және алдағы осы бағыттағы жоспарлар, сонымен қатар жайдарманшылардың өзін қалай ұстау керектігі туралы айтылды.
Фестивальдің екінші күнінде Астанада тұңғыш рет «Жайдарман Импровиз-шоу» өтті. Танымал жайдарманшылардан арасында әзілді суырып салу мен ұшқыр ой көрсете алудан сайыстырды. 16 жайдарманшы төрт төрттен бөлініп, командалық түрде өнер көрсеткен шоу өз деңгейінде өтті деуге толық негіз бар.
Сайыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші командаларға бір ситуациялық оқиға беріп, табан астында қиыннан қиыстыру керек болса, екінші кезеңде әр топтан бір-бір адамнан шығарып, бір жағдайды сомдап шығуға тапсырма берілді.
Жайдарман сахнасында тәжірибе жинап, талай сыннан өткен жайдарманшылар саспай, жоғары деңгейде өнер көрсете білді. Алайда шоу алғаш рет өтіп жатқандықтан, жеңімпаз анықталмады.
Алдағы уақытты тұрақты жалғастырып отыру жоспарда бар.
Фестивальдің үшінші күні Қазақстан КВН Одағы» мен Қазақ күресі федерациясы ұйымдастырып отырған жайдарманшылар арасында тұңғыш рет республикалық «Жайдарман барысы» өткен болатын.
Фестивальге келгендер арасынан іріктеліп алынған 16 жайдарманшы өзара күш сынасты. Сайыс өте тартысты өтті. Бастапқы кездесулер минутқа жетпей аяқталып жатса, кейінгі кездесулерде жеңімпаз соңғы секундтарда аяқталып жатты.
Сонымен екі сағатқа созылған «Жайдарман барысында» үшінші орынды қорғалжындық Саян Шәріпов, екінші орынды алматылық «Байланыс жігіттері» ойыншысы Дархан Сұлтанбай иеленді.
Бас жүлдені Арқалықтың «Спортфак» командасының ойыншысы Нұрқадір Әбдіқадір жеңіп алып, «Жайдарман барысы» атанды.
Шараға арнайы қонақ ретінде шақырылған «Қазақстан барысы-2014» атанған Мұхит Тұрсынов «Жайдарман барысының» беліне осы сайысқа арнайы жасалған белбеуді өз қолымен тақты.
Жалпы «Жайдарман барысы» республикалық деңгейде екінші рет өтіп отыр. Бұл жоба жастар арасында салауатты өмірді, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында қолға алынған еді. Алдағы уақытта Қазақ күресі федерациясымен бірлесе отырып, «Жастар» жазғы фестивалінде дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда.
«Жастар» жазғы фестивалінің соңғы күнінде Халықаралық Жастар күніне орай гала-концерт өтті. Бұл кештің бұрынғыдан өзгешелігі – арнайы кубок ойнатылған болатын. Үздік деп табылған үш команда – «Қорғалжын құрамасы» (ІІІ орын) – 200 мың теңге, оралдық «Грант» (ІІ орын) – 300 мың теңге, маңғыстаулық топ «Боранқұл» (Бас жүлде) — 400 мың теңге сертификатын жеңіп алды.
Сонымен қатар, гала-концертте Жайдарманның жартылай финалына берер жалғыз жолдаманы астаналық «ЕҰУ құрамасы» иеленді.