Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында «Қазығұрт» баспасынан «Ұлы дала өсиеті» атты кітап жарық көрді. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мерейтойға жасаған тартуында бабаларымыздың ой маржандары жинақталған.
Осы жазда елордамыздағы «Көрме» орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұрлы жол» және Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылуы барысына арналған жалпұлттық телекөпір өткен болатын. Жиын соңында іс-шараны қорытындылап, халықпен ой бөліскен Елбасы Қазақстанның бейресми символдық атауын бүкіл әлем бойынша ілгерілету туралы тың міндет қойып, «Әдетте, Жапонияны — күншығыс елі, Кореяны — таңғы шық елі, Нидерландыны — қызғалдақтардың отаны, Қытайды — аспан асты елі деп жатамыз. Қазақстанға да осындай атаулы бренд жетіспейді. Біз — Ұлы даланың перзенттеріміз. Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тәңірі дегеніміздің өзі — көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті болуының астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс — еліміздің бірлігінің белгісі. Ендеше, бізге неге өзімізді Ұлы дала еліміз деп атамасқа», — деген ойын білдірген еді.
Елбасының жұртқа ой тастаған осы сөздерін негізге алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Ұлы Даланың рухани байлығымен халықты қайта қауыштырып, қоғамдық санада сол ұлы мұрамызды жаңғырту мақсатында «Ұлы дала өсиеті» жинағын шығаруға мұрындық болған еді. Игілікті іс-шараны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігінің басшылығымен өңірдегі танымал ғалымдардан, әдебиеттанушылар мен тарихшылардан тұратын шығармашылық топ құрылды. Дана бабаларамыздың соңына өлшеусіз мұра ретінде қалдырған ой маржандарын және қолына қалам ұстаған сөз зергерлерінің тағылымды ой түйіндерін зерттеген шығармашылық топтың жасаған жұмысының арқасында «Ұлы дала өсиеті» жинағы жарық көріп, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында халықтың рухани игілігіне айналып отыр.