Тәуелсіздік сарайының көрме залында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы бабалар жолы» атты суреттер мен зергерлік бұйымдар көрмесі өтіп жатыр.
Көрмеге келушілер ҚР халық суретшісі Ә.Ысмайылов және белгілі суретшілер К.Муллашев, Е.С.Айтуаров, И.Ачилов, С.Смағұлов, Н.А.Терещенко, А.Баяндин, М.С.Байтеновтың туындыларымен таныса алады. Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көрмеде қолөнер шеберлері Б.Әлібай және Т.Г.Мұқашевтың жұмыстары қойылды.
Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу, еліміздің ұлағатты тарихын дәріптеу арқылы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру. Әсем туындылар қазақ хандығы қалыптасқан 550 жылдан бергі тарихи мазмұны ерек, елеулі оқиғалардан сыр шертеді. Көрмеде көпшілік назарына шеберлердің зергерлік бұйымдары, қазақтың әскери сауыт-саймандары, табиғи көріністер және тарихи тұлғалардың портреттері, сондай-ақ суретшілердің тарихи датаға арналған жаңа туындылары ұсынылды.