Бүгін өңір басшысы Б. Атамқұлов Ақтөбеде ерлікпен қаза тапқан ҚР Ұлттық Гвардиясының сарбазы Досбол Сапардың отбасына Шардара қаласынан 4 бөлмелі жеке тұрғын үйдің кілтін табыс етті, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл баспананы марқұм Досболдың шаңырағы деп білетінін жеткізген өңір басшысы осындай отаншыл ұлды дүниеге әкелген оның ата-анасына алғысын білдірді.
Салтанатты рәсімге сонымен қатар, ОҚО ІІД-нің бастығы, полиция генерал-майоры А.Оспанов, ОҚО ІІД ЖПҚ-нің бастығы, полиция полковнигі Б.Абылаев және Досбол Сапардың бауырлары мен туыстары, ішкі істер департаментінің жеке құрамы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық ішкі істер департаменті мен жерлігікті полиция қызметкерлерінің бір күндік жалақысына алынып, марқұм Досболдың отбасына берілген жаңа үйдің ауданы 138 шаршы метрді құраса, қосымша шаруашылық алаңшасы 108 шаршы метр. Мұнан бөлек, ортақ қаржыдан отбасы мүшелері үшін
ірі қара мен ұсақ малдар және тұрмыстық техникалар, компьютер мен қажетті жиһаздар алып берілді.
Естеріңізге салсақ, 1997 жылы туылған Шардара ауданы Көксу ауылының тұрғыны ҚР Ұлттық Гвардиясының сарбазы Досбол Сапар Еркінбекұлы 2016 жылдың 5 маусым күні Ақтөбедегі №6655 әскери бөліміне жасалған қарулы шабуылдан қаза тапқан болатын.