Талдықорған қаласында Талдықорған қалалық көп салалы аурухана ашылды. Салтанатты жиында қалалықтарды осы маңызды жаңалықпен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады. Дәл осы күні аталмыш ауруханаға жұмысқа шақырылған қызметкерлердің 7-еуіне жаңа пәтер кілттері берілді.
Өз сөзінде облыс басшысы өңірде мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде халықтың денсаулығын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Осындай құттықтау сөзді әріптестеріне медицина қызметкерлері де арнады. Олардың арасында денсаулық сақтау саласының ардагері Шаймерден Садықов және аурухана дәрігері, уролог Асқар Садықов та бар. Олар осындай ауқымды, толық жабдықталған, медицина мамандарының нәтижелі жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған жаңа аурухана үшін ризашылықтарын жеткізіп, өз істерін мінсіз атқаратындарына сендірді.
Салттанатты жиында «Астана Құрылыс» компаниясының бірінші вице-президенті Қайрат Сандықбаев аурухананың бас дәрігері Сәуле Құсмолдановаға ғимараттың символикалық кілтін тапсырды.
Облыс әкімі А. Баталов өңір ардагерлерімен бірге жаңа аурухананы аралап, қонақтарды ондағы құрал-жабдықтармен таныстырды, емделушілермен тілдесті.
Талдықорған көп салалы ауруханасының құрылысына 9 371,0 млн. теңге, оның ішінде жергілікті бюджеттен 1 887,0 млн. теңге бөлінген. Аурухана жалпы құны 4 094 млн. теңге болатын заманауи медициналық құралдармен, техникалармен жабдықталған. Кадрлық құрамы — 676 бірлік, оның 143-і — дәрігерлер.
Ғимараттың жалпы алаңы 33 885,6 шаршы метрді құрайды. Ауруханада стационарды алмастыру, станционарлық, жоғары кәсіби медициналық көмек көрсетіледі. Аурухана құрылымында терапия, хирургия, политравма және қалпына келтіру ортохирургиясы, нейрохирургия, миниинвазивті хирургия, оториноларингология және жақ-бет сүйек хирургиясы, урология және офтальмология бөлімдері жұмыс істейді. Құрал-жабдықтардың ішінде – магнитно-резонанстық томография, эксимерлік лазер, барокамера, эндобейнехирургиялық құрылғы және басқа да жабдықтар бар.