Астаналық Жанель Сәдуақас жақында «Балалар жаңа толқыны» байқауы өткен Артек лагерінен оралды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Жас әнші «қола» жүлдеге қол жеткізіп, байқау тарихында бұрын-соңды болмаған ең көп қолдаушылар жинағаны үшін сыйлық алды. Жанельдің тәлімгері әнші Ademi де былтыр «Жаңа толқын» байқауында екінші орын алған болатын. Ол байқаудың қалай өткені туралы әңгімелеп, жас орындаушының алдағы жоспарларымен бөлісті.
Байқауда 11 елден 15 жас дарын бағын сынады. Бірінші күні Жанель «Қазақ елi осындай» әнін, ал екінші күні Кристина Агилераның «Something’s got a hold on me» әнін орындады.
– Алғашқы дайындықтан бастап Жанельдің жанында болдым, оған кәсіптік қолдау көрсеттім. Репетициялар Артектің жанындағы Алуште қаласында өтті. Бәрі бір залда дайындалды. Әрине, бәсекелестік болды. Бірақ ұйымдастырушылардың дұрыс тәртібі, дұрыс ережелері ұйымшылдықта маңызды рөл атқарды. Балалар бір отбасыдай тату болды, жарыс күндері бір-бірі үшін шын қуанып жатты. Ересектер орындаушыларға олардан үлгі алу керек, – дейді әнші Ademi.
Оның айтуынша, Жанель репертуар таңдағанда қиналған. Алдымен комиссия екі әнді таңдады, бірақ олар байқаудың форматына сай болмай шықты. Сондықтан аз уақыттың ішінде репертуарды толық өзгертіп, әндерді жаңадан әрлеуге, байқауға қайта дайындалуға тура келді. Жас орындаушының жанында анасы, тәтесі, хореограф пен моральдық және эмоционалды қолдау көрсеткен бауыры да болған.
– Байқауға қатысуымыздың мақсаты – Жанельді орындаушы ретінде одан әрі дамыту, жаңа деңгейге шығу, жетекші продюсерлердің қол астында жұмыс істеу. Мен Жанельдің өнерін аса жоғары бағалаймын, өйткені «Балалар Жаңа толқынына» қатысудың өзі жеңіс, ал жүлделі орынға ие болу – үлкен жетістік. Бұл шығармашылық жолда бағындырған тағы да бір белес, бұл одан әрі еңбектеніп, вокалдық шеберлікті шыңдауға сеп болады, — дейді Ademi.
Жанель бес жасынан бастап түрлі республикалық байқауларға қатысып, топ жаруда. Жанельдің ерекше дауысын байқап, оның шығармашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан ата-анасының арқасында 11 жасар әнші Қазақстанда ғана емес, халықаралық алаңдарда да сәтті өнер көрсетіп жүр.