Домой Жаңалықтар Қоғам Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы бақыланды

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы бақыланды

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы бақыланды

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы бақыландыБүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Өңір әкімі Амандық Баталовпен бірге шаруалармен кездесіп, қант зауытының жаңғыртылуы барысымен танысып, сондай-ақ, басымдыққа ие мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуының сапасын бағалады.

Іссапар Жетісуда жетекші орын алатын «Хильниченко және К» командиттік серіктестігінің жұмысымен танысудан басталды. Бұл серіктестік 500 фермердің басын біріктіреді. Шаруашылықтың 39 мың гектар жері, 123 ауыл техникасы бірлігі және 2300 мал басы бар.

Ауыл шаруашылығы – Алматы облысының негізгі табыс көзі. Сонымен бірге бүгінгі күні өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеуге баса назар аударылуда. Миллиардтаған теңге салынған Көксу қант зауытын жаңғыртудың қарқыны — осының жарқын мысалы.

Тартылған инвестициялардың арқасында кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, жылына 25 мың тоннаға дейін қант шығаруға қол жеткізе алады. Осылайша қант өндірісін толыққанды жаңартуға қарымды қадамдар жасалып отыр. Бұл — Мемлекет басшысының өңір экономикасын дамытуға байланысты қойған басты талаптарының бірі.

Алматы облысы Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруда маңызды роль атқарады. Аталған инфрақұрылымдық жоба шеңберінде 2016 жылы Жетісуға 36 миллиард теңге бөлінді. Қаржының негізгі бөлігі көлік дәліздерін дамытуға бағытталды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед «Алматы — Өскемен» автомагистралін жаңғыртудың барысымен танысты. Алматы облысынан өтетін жол аумағының ұзындығы 141 шақырымды құрайды. Табиғаттың қолайсыз жағдайынан биылғы жылы жұмыс барысы созылып кетті. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Нұрлы Жол» бағдарламасының Президенттің ерекше бақылауында екенін құрылысшылардың есіне салып, орындалу мерзімін кешіктіруге болмайтынын айтты. Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық филиалына мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыс орталығында жаңадан салынған «Жастар» саябағы мен Қаратал өзенінің жағалауындағы демалыс аллеясын көрді.

Қаладағы «Талдықорған» индустриялдық аймағында болған М. Құл-Мұхаммедке облыстағы «Gate City», «Қазбек бек», «Қайрат», «Арна», «Боралдай» сияқты индустриалды аймақтар мен бірқатар аудандардағы өнеркәсіп алаңдарын дамыту барысы баяндалды. Соның ішінде «Талдықорған» индустриалды аймағы туралы кеңінен хабарланды. Оның аумағы 590 гектардан асады. Кәсіпорын иелері үшін ерекше жағдай жасалған арнайы инфрақұрылымның алаңына төрт миллиардтан астам теңге салынды. 11 кәсіпорын жұмыс істеуде. Таяу уақыттары тағы алтауы іске қосылады – қазір олардың құрылысы жүріп жатыр.

 Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысының Президент тапсырмасын орындап, аграрлық қана емес, сондай-ақ еліміздің өндіріс орталығына айнала алатынына сенім білдірді.

— Бүгінгі Талдықорған аймағынан көрген істерге көңілім толды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша облыста бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған, соның ішінде «Нұрлы жол», Индустриалды-инновациялық даму бағдарламаларын орындау, қант қызылшасы мен жүгері өсіріп, өңдеу ісі жақсы жолға қойылып келеді, — деді М. Құл-Мұхаммед. Сонымен қатар ол биылғы жылы Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңі басталатынын, бұл орайда индустриалды аймақ құрып, жаңа кәсіпорындар салудың аса маңызды екенін айтты. Президенттің әрбір тапсырмасы қашанда «Нұр Отан» партиясының бақылауында болатынын атап өтті.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары өз іссапарының қорытындысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында партия белсенділерімен жиналыс өткізбек.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here