«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі кітапхана бөлмесінің оқырмандар залында кеше, 18 тамызда «Ядролық қарусыз әлем» тақырыбында фото, кітап көрмесі ашылды.
Аталмыш көрме 29 тамыз — халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні мерекесіне орай ұйымдастырылды. ХХ ғасырдың соңында КСРО Үкіметі еліміздің Семей өңірін ядролық қарудың сынақ алаңына айналдырды. Статистикалық мәліметке жүгінсек, бір айда 19-ға дейін сынақ жүргізіп отырған. Жалпы елімізде 500-ге жуық ядролық қаруды сынақтан өткізген екен. Осыған орай елімізде «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысы құрылып, нәтижесінде бір айда 19 мәрте сынақтан өтетін ядролық қару он есеге дейін азайды. 1991 жылы 29 тамызда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Сөйтіп тиянақтылық пен табандылық танытқан қазақ халқы өз мақсатына жетіп, халқымыздың басына төнген зұлмат күндер артта қалып, егеменді, тәуелсіз еліміз ядролық қарудан бас тартып, бүкіл әлемге бейбітшілік есігін айқара ашты.
Көрме экспозициясына ядролық сынақ алаңынан түскен бірегей фотолар, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ-да ядролық қарудан бас тарту жөніндегі жасаған баяндамасынан көріністер, «Невада-Семей» қозғалысының митингілері мен басқосуларынан сын шерткен фотосуреттер қойылды. Сонымен қатар, Қр Президентінің қаламынан туындаған «Бейбітшілік кіндігі», «Сындарлы он жыл» сынды кітаптары мен БАҚ-да жарияланған мақалалары көпшілікке таныстырылды.
Көрме бір ай келушілерге қызмет көрсетеді.