Конгресс-Холлда өтіп жатқан білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі барысында елорда әкімі Әсет Исекешев Астанада кәсіптік-техникалық білім беруді дамытудың маңызды екендігін атап өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
— Мен өзім ПТУ-ды бітірдім, сондықтан осы кезеңде бұл сегменттің маңыздылығын түсінемін. Мемлекет басшысы адамдар қажетті кәсіпті меңгеруі керек деген соң болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптерге бағдарлап, мамандарды қайта даярлау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін елордада әр адамға қажетті мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік беруіміз керек, негізінен, бұл бағдарламалау, — деді қала басшысы.
Елорда әкімінің атап өтуінше, ағылшын тілін дамытуды қолдауды күшейту керек. Мұғалімдерді оқыту мәселесі ҚР Білім және ғылым министрлігімен талқыланады.
«Бағдарламалау мен ағылшын тілі – болашақта ақылды қалада жұмыс істеу үшін қажетті элементтер», — деді Әсет Исекешев.
Оның айтуынша, мұғалімнің беделін арттыру қажет. Білім министрі Ерлан Сағадиевке қаратып айтқан сөзінде әкім халықаралық практикалар негізінде жеке педагогикалық оқу орнын ашу мүмкіндігін қарауды ұсынды.
Педагогтардың кәсіби шеберлігі білім беруде жетістікке жетудің кепілі болып табылады, сондықтан бұл кәсіптің беделін арттыру керек.
«Бұл білім жүйесіндегі аса маңызды элемент. Қазіргідей мұғалімдер танымал және құрметті болуы үшін біз қалалық деңгейде мұғалімдерді көтермелеп, қолдаймыз, — деді әкім.