Қазақстанда мал шаруашылығы саласын дамытудың негізгі мақсаты — еліміздің ішкі сұранысын мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ету және оның экспорттық әлеуетін іске асыру болып табылады. Аталмыш шаруашылықты дамыту жолында «Ырыс» микроқаржы ұйымы да елеулі еңбек етуде. Мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге барынша қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы бойынша қаржы орталығынан қолдау тапқан бірнеше жобалар бар.Үлгі ретінде, жеке кәсіпкер Артықжан Джаббарқұлов шаруа қожалығын айтсақ болады. Мемлекеттің шарапатын көрген кәсіпкер былтыр «Ырыс» қаржы ұйымынан ірі мүйізді мал басын бордақылау мақсатында 3 млн. теңге несие алып, 18 бас ірі қара мал сатып алған. Бүгінде шаруа малдың санын көбейтіп, жылына 5,4 тонна ет өндіруде. Малдың басын өсіріп, пайдасына жарата білетін қожалық иесі Шымкенттіктер мен Алматылықтардың етке деген сұранысы көп болғандықтан, өз шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, «Ырыс» микроқаржы ұйымы мал бордақылау алаңдарын құру мақсатында Сайрам ауданы бойынша соңғы 4 жылда 998 мың 600 теңгеге 343 жоба қаржыландырылған. Соның нәтижесінде аталмыш ауданда 400-ге жуық адам жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.