Ұйқы – адам ағзасындағы барлық үдерістерді ретке келтіретін және емдейтін оның ең маңызды физиологиялық жағдайы.
Адам өмірінің үштен бір бөлігін ұйқымен өткізеді. Ұйқы кезінде зат алмасу төмендейді, жүректің соғуы баяулайды. Ағза ұйқы арқылы тынығады, өзін сергек сезінеді. Еңбек етуге белсенділігі, құштарлығы артады.
Ал ұйқысыздық ағзаға кері әсерін, яғни зиянын тигізеді. Ұйқысыздық — ағзаны әлсіретіп, адамның ойлау қабілетін төмендетеді. Сол себептен оның жұмыс істеуге зауқы болмайды. Бірнеше күнге созылған ұйқысыздық өлімге әкеліп соғуы мүмкін.
Жаңадан туылған нәресте тәулігіне 21-22 сағат ұйықтайды екен. Негізінде, адамдар ұйқыға келесідей уақыт бөлгендері жөн:
6-айлық нәресте тәулігіне – 14 сағат;
Бір жасар сәби тәулігіне – 13 сағат;
4-жастағы сәби тәулігіне -12 сағат;
7- жастағы бала тәулігіне — 11 сағат;
10 — жастағы бала тәулігіне – 10 сағат;
15 — жастағы бала тәулігіне – 9 сағат;
17 жастағы балаға тәулігіне – 7-8 сағат;
Ересек адам тәулігіне – 7-8 сағат ұйықтау керек.
Ұйқысыздықтың алдын алу:
- Ұйқыға жатар алдында таза ауада серуендеңіз;
- Ұйықтайтын бөлмені жақсылап желдетіп алыңыз;
- Жарықты, телевизорды, компьютерді сөндіріңіз;
- Ұйықтар алдында көп тамақ жемеңіз;
- Ой еңбегімен шұғылданбаңыз;
- Белгілі бір уақытта ұйықтауға дағдыланыңыз.
Оған қоса, естеріңізде болсын:
- Кеш батып бара жатқанда ұйықтамаған жөн;
- Ұйқы үшін ең сапалы уақыт — түнде 23.00 – 5.30 сағат аралығында;
- Түскі 11.00-1.30 арасында 20-30 минуттай уақыт ұйықтап алу өте пайдалы;
- Күніне 6-7 сағаттан артық ұйықтамауды дағдыға айналдырған жөн.
Шамадан тыс ұйықтауда денсаулыққа зиян. Адам ұйықтап жатса да, оның миы тоқтаусыз жұмыс істей береді. Ол күндізгі болған жайттарды сараптап, реттейді. Ертенгі күннің жоспарларына дайындық жасайды.
Ұйқы адам ағзасына қажетті үдеріс. Әсіресе өсіп келе жатқан жасөспірім, сәбилердің дұрыс дамып, жетуілуіне үлкен ықпал етеді. Баланың ой- өрісін реттеп, дененің мықты, шыңдалып өсуіне көмектеседі.
Әрдайым ұйқымыз тыныш болсын!