Бүгін Астанада Қазақстан, Беларусь, Ресей Федерациясы, Армения елдері өкілдерінің қатысуымен ТМД елдерінің екінші мемлекетаралық экологиялық кеңесі өтті.
Отырыс кезінде электронды форматтағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің Қызыл кітабы таныстырылды.
«Бүгінгі басқосуда армениялық әріптестеріміз өздерінің презентацияларын көрсетті. Оның ішінде «Қызыл кітаптың» орны ерекше болды. Өздеріңіз білесіздер, «Қызыл кітапқа» сирек кездесетін, жылдан-жылға азайып не жойылып бара жатқан, айрықша қорғауды қажет ететін жануарлар мен өсімдіктер тіркеледі. «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен өсімдіктер көбейіп келесе жатса, тізімнен шығарылады, азайып бара жатса қайта кіргізіледі. Мұндай «Қызыл кітап» әрбір мемлекетте бар. Бірақ армениялық әріптестеріміз бұл кітапты электронды форматқа ауыстырған. Тиісті бағдарламасы орнатылған», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин.
Оның айтуынша, жастар кітап оқымайтын бүгінгі күнде Қызыл кітапты электрондық форматқа ауыстыру құптарлық жұмыс.
«Әріптестеріміз өте сапалы етіп жасаған. Яғни, осы кітапты студенттер де, сондай-ақ экология мамандары да еш қиындықсыз пайдалана алады. Ең бастысы, бұл кітаптарды кеңінен қолдану үшін тиісті мүмкіндіктерді жасау керек», – деп толықтырды вице-министр.