Бүгін Астанада орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған 2455 әлеуметтік нысанның 2335-і немесе 90,5% жылыту маусымына дайын. Атап айтқанда, 2146 тұрғын үй, 28 денсаулық сақтау, 152 білім нысаны және 9 мәдениет мекемесі.
Астана қаласы энергетика басқармасының хабарлауынша, 2016–2017 жж. жылыту маусымы басталғанша энергокешен толықтай дайындық төлқұжатын алады, ал басқа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер 100% дайын болады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Алдағы жылыту маусымына дайындық пен энергокешенді техникалық ақаусыз жағдайда сақтау аясында «Астанаэнергосервис» АҚ күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алды.
«Астана-Энерго» АҚ басты және қосалқы жабдықтарын жөндеу бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде ЖЭО-1 — 85%, ЖЭО-2 – 73%, ал аудандық қазандықтар 88% дайын.
«Астана-Теплотранзит» АҚ күрделі жөндеу бағдарламасы бойынша 1,15 км магистральді желі қайта жөнделді. Қазіргі кезде ұзындығы 1,432 км тарату желісін күрделі жөндеу және 3 698 шаршы метрлік құбырдың жылу оқшаулағышы қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, «Астана-РЭК» АҚ-да 110 кВ-тық әуе желісін күрделі жөндеу, 10 кВ-тық және 0,4 кВ-тық әуе желілері мен жабдықтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.