Қыркүйектің 3-і мен 4-і күндері «Алау» мұзайдын сарайында үстел теннисінен марафон өтеді. Жарысқа кәсіпқойлар да, ниет білдірген жандар да қатыса алады. Бұл үшін 2 қыркүйекке дейін өтінім беру керек, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Турнирде 21 жасқа дейінгі ұл-қыздар, кәсіпқойлар мен әуесқойлар, ардагерлер (ерлер – 50 жас және одан жоғары, әйелдер – 45 жас және одан жоғары), сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі спортшылар шеберлік байқасады.
Жарыс «минус екі» олимпиада немесе шеңбер жүйесімен өткізіледі. Келіп түскен өтініштер бойынша төрешілер алқасы анықталады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, турнир астаналықтардың арасында үстел теннисін бұқаралық спорт түрі ретінде дәріптеуге, кәсіпқойлардың шеберлігін шыңдауға және жалпы, қала халқын спортпен айналысуға тартуға ықпал етеді.